АШМ «Охотзоопром» былықтарын әшкереледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі "Охотзоопром" ҚБ" РМҚК қызметіндегі құқық бұзушылық фактілерінің жилеп кетуіне байланысты жүргізілген тексеру нәтижесін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрлік мәліметіне сәйкес, кәсіпорынның негізгі қызметі жануарлар әлемінің, олардың тіршілік ортасының және биологиялық алуантүрлілігінің сақталуын қамтамасыз ету, жануарлар әлемін қорғау саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және күресуге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыру болып саналады.

"Дегенмен, тексеру нәтижесінде жауапты лауазымды тұлғалардың да, қатардағы қызметкерлердің де тарапынан өрескел бұзушылықтар анықталды. 2018 жылы жеке тұлғаларға қарсы қызметтік қаруды заңсыз пайдалану, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрлерін заңсыз ұстау, сонымен қатар қаруды заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау фактілері тіркелді", - деп атап өтеді ведомстводан.

Кәсіпорын инспекторларының өздерінің бақылауындағы аумақтарда браконьерлік жасағандықтары да анықталған. Мәселен, 2019 жылдың 17-21 мамыры аралығында Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының аумағында атылған 147 киік өлексесі табылған. Жедел шараларды жүргізу барысында аталған қылмысты жасау күдігімен 6 адам ұсталса, олардың 2-еуі "Охотзоопром" инспекторы болып шықты. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"Жемқорлық құқық бұзушылық фактілері де бар. 2018 жылы Ақтөбе өңірлік филиалының басшысы пара алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылса, биыл Батыс өңірлік филиалының басшысы кәсіпорынға тиесілі автокөліктердің жөнделгендігіне қатысты орындалған жұмыстар актісіне қол қойғаны үшін пара алу күдігімен ұсталды", - деді министрліктен.

Ведомство мәліметінше, өткен жылы кәсіпорын инспекторы тарапынан табиғатты қорғау заңнамасының 289 рет бұзылғаны анықталған. Оның 235-і әкімшілік құқық бұзушылық болса, 154-і қылмыстық іс саналады.

"Министрлік жүргізген тексерудің қорытындысы бойынша "Охотзоопром" ӨБ қызметкерлерінің тарапынан орындалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары, кадрларды іріктеу талаптары қатаңдатылатын болады", - делінген таратылған ақпаратта.

Соңғы жаңалықтар