АШМ ірі жер иеленушілерінің тізімін жариялау мәселесін пысықтамақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ауыл шаруашылығы министрлігінде Жер комиссиясында көтерілген мәселелерді заңға енгізу жайы қаралып, бір қолға берілетін жердің көлемін шектеу, ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалану жұмысын бақылау, жеке меншік тұрғын үй құрылысына қажетті жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға қатысты өзгерістер мен толықтырулардың тұжырымдамасы қоғамдық талқылауға шығарылды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға қатысқан қоғам қайраткері Мұxтар Тайжан тағы бір маңызды мәселе - ірі жер иеленушілерінің тізімін ашық көрсетуді де ұмытпауды ескерді. "Енді, мен ауыл шаруашылығы министрлігіне жиі келіп тұрамын. Штабтың адамдарымен бірге жұмыс істедік. Бәрі дұрыс. Жер комиссиясы атқарған жұмыстың нәтижесі бойынша арнайы тұжырымдама даярланды. Бірақ ашық кадастр туралы бірде-бір сөз жоқ. Меніңше, осы маңызды мәселені қаперден шығармауымыз қажет. Сондықтан ашық кадастр біз үшін өте маңызды. Кадастр ашық болуы керек. Жер кімнің қолында, қалай игеріліп жатыр. Ол бәрімізге маңызды. Бұны мен осында да айтамын. Парламентте де айтамын. Себебі ашық кадастр қажет", - деді М.Тайжан. 

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, алдағы уақытта министрлік мамандары ірі жер иеленушілерінің тізімін ашық жариялау мәселесін жан-жақты зерделейтін болады. "Ауыл шаруашылығы жерлері үлкен көлемде қолында бар кісілердің аты-жөнін жариялау мәселесі бойынша айтарым, жақын арада біздің заңгерлер осы мәселеге байланысты заңдардың  бәрін қарап шығуға тапсырма алады. Қазір біздің қолымыз жетпей отыр. Бірақ біз өткенде сөйлескенде келістік, ол мәселені жан-жақты талқылап, сосын ғана бір шешім шығаруға дайын боламыз", - деп атап көрсетті Е.Нысанбаев.

Соңғы жаңалықтар