АШМ голштин тұқымды ірі қараны асырайтын шаруашылықтардың палатасын құруды ұсынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі голштин тұқымды ірі қара бағатын шаруашылықтардың Республикалық палатасын құруды ұсынды.

Бұл туралы Алматыда «Байсерке-Агро» ЖШС-інде өткен жиын барысында ҚР АШМ вице-министрі Гүлмира Исаева мәлім етті.

Оның айтуынша, елімізде аталған тұқымды ірі қараның өсімі төмендеп кеткен.

Аса мұқият күтімді талап ететін голштин тұқымды сиырлар Қазақстанға 2007 жылы әкелінген. Асыл тұқымды сүтті бағыттағы сиырларды бірінші болып Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары қабылдаған.

2007 жылдан бері Қазақстанға 12 мың бас голштин тұқымының сиыры әкелінген. Осы уақыт аралығында олардан 9 мыңға жуық бұзау алынды. Мамандар бұл көрсеткіштің анағұрлым көп болуы тиіс екендігін айтты.

«Голштин тұқымды ірі қараны бағып отырған шаруашылықтар қазір тығырықта. Біз оларды Канададан алдырдық. Енді қалай бағу, қалай жоғары өнім алу керектігін білмей отырмыз. Өсімнің төмендеуі дұрыс азықтандырмаудан, әлсіз ветеринария мен әлсіз күтімнен болып отыр. Шетелдік мамандардың айтуынша, Қазақстанда фермалардың өзі дұрыс салынбаған. Мен Голландияда болдым. Оларда мүлде бөлек», - деді Парламент Мәжілісінің депутаты Темірхан Досмұхамбетов.

Мал шаруашылығы мен ветеринария ғылыми өндірістік орталығының басшысы Азамат Сағымбаевтың айтып өткеніндей, әлемдегі голштин тұқымды сүтті сиырларды селекциялау бағдарламасы мүлде өзгеше. Бұрын әлемдік өндірушілер бірінші басымдықты май, сүт, ақуызға берсе, қазір жануарды дұрыс өсіруге баса назар аударады. Маман отандық мал шаруашылығының да осындай жүйеге көшу керектігін айтты.

АШМ вице-министрі Гүлмира Исаеваның сөзіне қарағанда, қазір голштин шаруашылықтарындағы ортақ пробеманы шешетін республикалық палата құру қажеттігі туындап отыр.

«Оған кірген шаруашылықтар селекциялық-тұқымдық жұмыстарда өз жоспарын құра алады. Мемлекет тарапынан арнайы көмек те ұсынылмақ. Оның ішінде малдың өсімі мен өнімділігін қадағалау, тұқымдық бағалау, селекция жүргізудің оңтайлы бағдарламаларын жүзеге асыру ауадай қажет. Палата жоғарыда аталған мәселелерді шешумен айналысатын болады», - деді Гүлмира Исаева.

Соңғы жаңалықтар