АШМ бұрын белгісіз болып келген түйнемеге қатысты бірнеше мал қорымын тапты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне қарасты биологиялық қауіпсіздік басқармасының басшысы Салтанат Абылқасымова түйнемеге қатысты осы уақытқа дейін атқарылған шаралар жайында хабардар етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетсек, биыл еліміздің бірнеше облысында түйнеме  анықталып, ауру малды сойған екі адам қайтыс болғаннан кейін сол кездегі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов түйнемеден өлген мал қорымдарын тіркеуге алып, тиісті ветеринарлық қауіпсіздік шараларын өткізуді тапсырған болатын.

Бұған дейін жарияланған ресми ақпаратқа сәйкес, республика бойынша түйнеме (сібір жарасы) бар мал қорымдарының жалпы саны - 2 613.  Әзірге 1 890 қорымның нақты орналасқан жері белгілі. Дегенмен, 702 қорымның аумағы қоршалмаған немесе арнайы белгілері жоқ. Ал 714 мал қорымының нақты жері мүлдем белгісіз. Осы тұста Ауыл шаруашылығы министрілігі «тағы бірнеше қорымды таптық» деп отыр.

«Шыны керек, бұл - өте өзекті мәселе. Биыл Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан мен Батыс Қазақстан облыстарында түйнеме індетінің ошақтары пайда болып, екі облыста адам өлімі тіркелді. Қазір Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша, Премьер-министрдің орынбасары-ауыл шаруашылығы министрінің тапсырмасы (Асқар Мырзахметов - ред.) бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Осы уақыт қадейін белгісіз болып келген 9 қорым табылды», - дейді С.Абылқасымова.

Сондай-ақ, басқарма басшысы Атырау облысы Қызылқоға ауданында пастереллезден жүздеген малдың қырылғанын растады. Осы уақытқа дейін 388 бас мал пастереллезден мерт болды. Қазіргі кезде аурудың себебі анықталып жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар