Асхат Садырбай: Сайлаудың заң аясында өтіп жатқаны қуантады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сайлаудың заң аясында өтіп жатқаны көңіл қуантады. «Team Qazaqstan» жастар қозғалысының лидері Асхат Садырбай бүгін өзінің Facebook парақшасына елімізде өтіп жатқан Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауына қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сайлауды ұйымдастырушылардың жұмысы да жоғары бағалауға тұрарлық. Сайлау учаскелерінде заматтардың қауіпсіздігіне баса мән берілген. Барлығы карантин талаптарына сай жабдықталған. Кіреберістен бастап дене қызуын өлшеп, медициналық қолғап үлестіріп жатыр. Біраз танысым таңғы сағат 8-ден бастап, Facebook-ке суреттерін сала бастады. Мен сәл кешірек бардым. Соның өзінде жәшіктегі бюллетеньдер ортасынан асып қалғанын байқадым. Бәрі тыныш, бірқалыпты, шу тудыратын құқық бұзушылықтар аңғарылмады»,-деп жазды ол.

Сондай-ақ оның айтуынша, партия мен халықаралық және тәуелсіз байқаушылар өз жұмысын атқарып жатыр. Волонтерлер де жүр. Халық партиялардың бағдарламаларын оқып өз таңдауын жасауда.

Ал сайлау учаскесіне барып қайтқан Tarlan.kz порталының бас редакторы Нұрғали Нұртай сайлау процесін телеарнадан да бақылап отырғандығын айтады.

«Байқағаным сайлау процесі қоғамдық-саяси тұрақтылық аясында өтіп жатыр. Сайлаудың ұйымдастырылуы мен дайындығы жоғары деңгейде екені байқалады, санитарлық талаптар қатаң сақталған. Халықаралық және тәуелсіз байқаушылар емін-еркін жұмыс істеп жүр.

Шетелде жүрген отандастарымыз да дипломатиялық өкілдіктердегі сайлау орындарында таңмен таласып белсенді дауыс бергенін байқап отырмыз. Плюрализмге жол ашық, дегенмен сайлауда дауыс беру жоғары жауапкершілік. Бір идеяны, саяси көзқарасты, тұлғаны сынау онымен қарама-қарсы нәрселерді қабылдау деген сөз емес. Бүгінгі сайлау саяси жаңарудың үлкен қадамы».-деп жазды ол Facebook парақшасында.



Соңғы жаңалықтар