Асхат Оралов гимнастарға Президенттің құттықтау хатын табыстады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов спорттық және батуттағы гимнастикадан әлем кубогі кезеңінде алтын медаль жеңіп алған қазақстандық гимнастар Нариман Құрбанов, Милад Карими, Пірмаммад Әлиев және Данил Мұсабаевпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрлік мәліметінше, кездесуге жаттықтырушылар, медицина қызметкерлері және Қазақстан гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсупова қатысты. Министр оларды соңғы жетістіктерімен құттықтап, ведомствоның Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Сіздерді тарихи жеңістеріңізбен құттықтаймын. Қазақстандық спортшылардың зор әлеуеті бар және менің министр ретіндегі міндетім — оларға лайықты қолдау көрсету, спортшыларды қажеттінің барлығымен қамтамасыз ету, соның ішінде жаттығу базалары, тамақтану, лайықты еңбекақы және басқа да жағдайлар бар. Себебі спортта қысқа мерзімде қол жеткізілмейді, бұл мотивацияны қажет ететін өмір бойғы еңбек.


Осы жетістікке қатысы бар барлық персоналға алғыс айтқым келеді. Бұл тек үлкен жолдың басы деп үміттенеміз және таяуда өтетін Азия және Олимпиада ойындарында сәттілік тілейміз», - деді Асхат Оралов.

Өз кезегінде Әлия Жүсіпова мемлекет тарапынан гимнастарға көрсетілетін қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, спортшыларымыздың олимпиада лицензияларын жеңіп алу мүмкіндігіне баға берді.

«Мәдениет және спорт министрлігіне қолдау үшін алғыс айтқым келеді. Тек қаржылай емес, моральдық қолдау көрсету де маңызды. Бұл спортшылар үшін қажет. Олар алаңға шыққанда өз мүмкіндігінің шегінде жұмыс істейді, ал оларға ең жоғары деңгейде қолдау білдіріліп отырғанын сезіну – қосымша мотивация, күш береді. Балалардың спорттағы және батуттағы гимнастикада зор әлеуеті және лайықты нәтижелері де бар. Сондықтан Олимпиада лицензияларын алу мүмкіндігіміз өте жоғары», - деп атап өтті Қазақстан гимнастика федерациясының президенті.




Соңғы жаңалықтар