Асхат Нұрмашев: Ең қиыны – үй берілетін отбасыларды таңдау

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Asar-ume қоғамдық қоры халық жинаған қаражатқа қиын жағдайға тап болған отбасыларға тұрғын үй салып немесе сатып алып берумен айналысады. Олар соңғы 9 ай ішінде 18 отбасы, 124 балаға баспаналы болу бақытын сыйлады. «ҚазАқпарат» тілшісі осы қордың негізін қалаушы Асхат Нұрмашевті әңгімеге тартқан еді.

БАСПАНАЛЫ БОЛУ – ТҰРМЫСТЫҚ ҚИЫНДЫҚТАРДЫ ТОҚТАТАДЫ


- Asar-ume қоғамдық қоры қашан құрылды және мақсаты не?

- Қоғамдық қор 2019 жылы мамыр айында құрылды. Ұйым құрамында әртүрлі жастағы, түрлі саладағы адамдар, атап айтқанда: блогерлер, вайнерлер, режиссерлер, продюсерлер, кәсіпкерлер бар. Мақсатымыз – өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға үй салып немесе сатып алып беру. Әзірге Алматы облысы бойынша ғана жұмыс істейміз, болашақта әр қалада осындай игі іспен айналысатын волонтерлер болуына ықпал етеміз.

- Не үшін басқа емес, баспана түрінде көмектесуге шешім қабылдадыңыздар?

- Баспаналы болу – мектеп ауыстыру, жәрдемақы ала алмау, эмоционалды қажу, ажырасу және басқа да тұрмыстық қиындықтарды тоқтатып, жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді. Бізге осы идеяны айтқан адам – 20 жыл бойы қайырымдылық жасаумен айналысқан меценат Жахаргер апа. Оның айтуынша, Балалар үйіндегі балалардың аналары бар, олар қаланың екінші шетінде жұмыс істейді, күнделікті көрісіп тұруға мүмкіндігі жоқ, тіпті өмірлік сынақтарды жеңе алмай, соңында балаларын түбегейлі тастап кетуге мәжбүр болады. Ол мұндай жағдайда баспаналы болу ғана балалар мен анасын қауыштырып, бірге тұруға, балалардың жетім болып қалмауына көмектесетінін түсінген. Осылайша Жахангер апа бізге жер телімін беріп, үй салуға кірісу керек екенімізді айтты.

БАСТАПҚЫ АЙДА 150 МЫҢ ТЕҢГЕ ҒАНА ЖИНАЛДЫ


- Үй берілетін отбасылар қалай таңдалады?

- Ең қиыны – үй берілетін отбасыларды таңдау. Мысалы, 50-ге жуық отбасыдан бір уақытта хат келеді. Оның ішінен қайсысы үйді бірінші болып алуға лайықты екенін іріктеп аламыз. Бастапқыда жалғызбасты, көпбалалы аналарға бірінші кезекте үй берсек, қазір көпбалалы, ажыраспаған отбасыларға да үй береміз. Мысалы, құрылыс жұмысында құлап қалып, мүгедек болып қалған әкелері немесе ауыр дертке шалдыққан сәбилері бар отбасылар бар. Оларға дәл қазір көмектеспесең – кейін кеш болады.

- Қазіргі уақытта қайырымдылықпен айналысатын, отбасыларға баспана беріп көмектесетін ұйымдар қатары көбейіп келеді. Сіздердің жобаларыңыздың ерекшелігі – блогер, вайнер, әнші, кәсіпкер сияқты халыққа танымал адамдарды тарта отырып жұмыс істейсіздер. Бұл идея неден туындады?

- Жахаргер Ахатқызы осы ойын айтқан кезде өз күшімізбен ары кетсе 2-3 үй ғана сала алатынымызды түсіндік. Ең дұрысы – танымал адамдар мен халық көмегін қолдана отыра үй салу болды. «Жұмыла көтерген жүк – жеңіл» деп бекер айтылмаған ғой. 9 мамырда құрылыс жұмыстары басталып кетті. Сол кезде блогер, вайнерлерді шақыра бастадық. Олар әлеуметтік желі арқылы жағдайды түсіндіріп, халықтан көмекке мұқтаж отбасыларға көмектесу керек екенін айтқаннан кейін оқырмандары тарапынан ақшалай көмек көбейе бастады. Біз үш бағытта жұмыс істей бастадық. Бірінші топ құрылыс жұмыстарымен, екінші топ үй алуға мұқтаж жандарды іздеумен, үшінгі топ мәтін жазып, құрылыс жұмыстарының барысын түсіріп, оны әлеусметтік желілерге орналастырып, қолдайтын адамдарды іздеумен айналысты. Бастапқы кезде қайырымдылық қорына 1 ай ішінде 150 мың теңге жиналса, қазіргі уақытта 2 күнде 10 миллион теңге жиналады. Мұның бәрі танымал адамдардың волонтерлікпен айналысуының арқасы.

САДАҚАНЫҢ ҮЛКЕН-КІШІСІ БОЛМАЙДЫ


- Қайырымдылық қорына келіп түскен садақаның ең аз және ең көп мөлшері қандай?

- Ең азы 100 теңге, ең көбі 4 миллион теңге. Садақаның үлкен-кішісі болмайды. Біреу ақшалай көмектессе, енді бірі қолындағы 3-4 миллион теңгеге бағаланатын швейцариялық үш сағатын беріп, «Осыны сатып, ақшасын құрылысқа жұмсаңдар» дейді. Кейбір кәсіпкерлер құрылыс материалдарымен көмексетеді. Жалпы, асарлату қазақ халқында жақсы жолға қойылған. Бұл дәстүр – ежелден келе жатқан дәстүр болғандықтан, оны жандандыру қиынға соққан жоқ.

- Алғаш салынған үйге қандай отбасы келіп қоныстанды?

- 2019 жылы күзде 4 бөліктен тұратын үй салып болдық. Оған 4 отбасы қоныстанды. Үйдің әр бөлігі 50 шаршы метр. Оның ішінде қонақ бөлме, жататын бөлме және жуынып-шайынатын бөлмесі бар. Сол үйдің бір бөлігіне қоныстанған әйелдің құрсағында 7 айлық баласы болды. Оның басқа да бірнеше баласы бар еді. Ол айы-күні жақындап қалғанына қарамастан жалданып ыдыс жуып, тынбай еңбек етіп жүрді. Қиындыққа мойымай, еңбек ете білгені үшін де оған осы үйдің бір бөлігі бұйырған болар. 2019 жылдың күзінен бастап мұқтаж отбасыларға үй сатып алып беруді қолға алдық. Көмекке мұқтаж отбасы үй қай жерден керек екенін өздері шешеді, яғни үйді мектепке, жұмысқа жақын жерде орналасқан жерден сатып бере бастадық. Ол үй баланың ата-анасының және үйдің кенжесінің атына жазылады. Демек, үйдің кенжесі 18 жасқа толғанша ата-ана үйді сата алмайды.

ЖҰБАЙЛАР БАР ӘҢГІМЕСІ ТАУСЫЛҒАН...


- Әлеуметтік желіде қайырымдылықпен айналысатындары туралы жазатын әртүрлі ұйымдар бар. Қай ұйым адал еңбек ететінін, қай ұйымда нәтиже жақсы болатынын қалай анықтауға болады?

- Біз үй салу немесе үй сатып алу барысында болатын барлық процесс туралы есеп береміз. Әлеуметтік желі арқылы дәл қазіргі кезде не істеліп жатқаны туралы баяндап, фото, видеоесеп салып отырамыз. Одан кейін жұмысымыздың нәтижесін, қанша қаражат жиналып, ол неге жұмсалғанын айтамыз. Қалтаңыздан ақша шығарып, қайырымдылық қорына жіберер кезде осы нәрсеге баса назар аудару керек.

- Бұл ғасыр – өзіңді тұлғалық жағынан жан-жақты дамытуға мүмкіндік көп ғасыр деп ойлаймын. Білім алу үшін, әлденені меңгеру үшін айшылық алыс жерлерге бармай-ақ – ғаламтор арқылы меңгеруге және оны іске жаратып, табыс табуға болады. Соған қарамастан өмірде өз орындарын таба алмай жүрген отбасылар, тіпті сынаққа шадамай ажырасып кеткен отбасылар көп. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

- Басты себеп – отбасылардың өмірлік қиын жағдайға тап болулары. Мұндай жағдайға тап болдыратын себептердің бірі – ерлі-зайыптылар арасындағы өзара түсіністіктің болмауы. Мұндай отбасылар әйелдің немесе отағасының рөлін, құндылығын дұрыс білмейді. Көбі отбасы құруды той жасау, сақина салу, бал айына бару деп ойлайды, шын мәнінде осы салт-жоралғылар өткеннен кейін барып нағыз отбасылық өмір басталады. Жас жұбайлар көп жағдайда оған дайын болмайды. Бұл ұсақ-түйек нәрсе болып көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде олай емес.

ЖАЛҒЫЗДЫҚТАН ҚОРҚЫП, ҮШІНШІ РЕТ ТҰРМЫСҚА ШЫҒАДЫ

- Сіздер баспана сыйлаған отбасылардың көбі мұндай жағдайға қалай түскен?

- Мен отбасыларды толыққанды және толыққанды емес отбасы деп екіге бөлемін. Толыққанды отбасыда ерлі-зайыптылар 15-20 жыл бірге тұрған және 5-6 балалары бар. Жұмыстан шығып қалуы, мүгедек болып қалуы және басқа да себептермен ер адам қарызға кіріп, ішкілікке салына бастайды. Соған қарамастан олар ажыраспай, отбасыларын сақтап қалуға тырысады. Олар үйленген кезде күндердің бір күні қоғамдық қорынан көмек алып, оны бүкіл Қазақстан көріп отырады деп ойлады ма? Ойлаған жоқ, әрине.

Екінші жағдай, кейбір отбасылардың ойлау қабілеті, санасы төмен болады. Мысалы, отағасы тұрақтылықты жақсы көреді. Күзетші болып орналасып, айына 50 алып тұрсам жетеді деп ойлайды, сол себепті де ол отбасының тұрмыстық жағдайы төмендей береді.

Үшінші жағдай, 5-6 баласы бар, күйеуі қайтыс болған жесірлер бар. Біз оларға сөзсіз көмектесеміз.

Төртінші жағдай: ажырасқан әйелдер. 7-8 баласы бар жалғыз басты аналарға қатысты жұрт «Ол не себепті көп бала тапты?» деп ойлайды. Көп жағдайда әйел 7-8 баланы бірнеше күйеуден тапқан болып шығады. Ондай әйелдердің білім деңгейі төмен болады. Әр тұрмысқа шыққан сайын бәрі жақсы болып кетеді деп ойлайды. Олар «Туысқандарға сәлем берсем, үй жинап, тамақ пісірсем бәрі жақсы болады» деп сенеді. Бірақ оның шаңыраққа бірінші некедегі балаларымен келгені ата-енесі, күйеуінің туған-туысқандарына жақпауы мүмкін. Ондай жағдайда екі оттың арасында қалған ер адам ішкілікке салынып, құмар ойындарына әуестеніп кетуі мүмкін. Сөйтіп еркек үйге келеді де әйеліне «Сен ақымақсың. Сенің кесіріңнен мен жұмыссыз қалдым!» десе, әйелі оған «Мен емес, сен ақымақсың! Сен мені бақытты ете алмадың. Алдадың!» дейді. Осылай бұл әйелдің екі күйеуінен 4-5 баласы болған күйде жалғыз қалады. Мұндай әйелдер сенгіш болады және жалғыздықтан қорқады, сол себепті үшінші рет тұрмысқа шығады. Үшінші күйеуінен тағы 1-2 бала туады. Уақыт өте келе ол үшінші күйеуі алдыңғы некеден туған балаларын алалайтынын байқайды. Сол кезде үшінші рет ажырасады. Мұндай кезде біз көмекке келмесек, жағдай не болары белгісіз. Мұндай күйге түскендеріне ерлі-зайыптылар бір-бірін кінәлап жатады. Оған екеуі де кінәлі екенін түсінгенше өмірлері жақсы жаққа өзгермейді.

ВАЙНЕРЛЕР АРҚЫЛЫ 5-10 МИЛЛИОН ҚАРАЖАТ ЖИНАЛАДЫ


- Сіз не үшін басқа емес, осы салаға бет бұрдыңыз? Өмірлік тәжірибеңізден себеп болды ма?

- Менің де ата-анам 1990 жылдары жылы ажырасқан. Анам үйсіз, ақшасыз, балаларымен жалғыз қалды. Ол тығырықтан шығуға тырысты, бірақ қаншалықты тырысқаны денсаулық жағдайынан, мінезінен көрініс тапты. Әйел қылықты, нәзік, мейірімді болуы керек болса, анам тұрмыстың ауыртпашылығын өз мойнына алғандықтан бойында ер адамдарға тән мінез пайда бола бастады. Мұндай жағдайды мен жақсы түсінемін.

- Вайнерлер өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен кездескен кезде қандай әсерде болады?

- Олардың кейбірі бастапқыда «Не істеуім керек? Қанша теңге жинау керек? Мен асығыс едім, уақытым жоқ» деп тұрғанмен, көмекке мұқтаж отбасыларды көрген кезде мүлде басқа күйге түседі. Оларға «Міне, сен оқырмандарыңды көмекке шақырғаннан кейін 5 миллион теңге жиналды» деп скриншот жіберген кезде – қуанып, қашан да осылай көмектесіп тұруға дайын екендерін айтады.

ВОЛОНТЕРЛЕРГЕ 5 КЕҢЕС


- Жұмыс барысында көңіліңізге қатты әсер етіп, жүрегіңізді дір еткізген оқиғалар болып тұратын шығар. Бір мысал айтып бере аласыз ба?

- Біз былтыр қазан айында 7 баласы бар жалғыз басты ананың жалдап жатқан үйіне бардық. Үйге кірген кезде табаным бірден суланып кеткендей болды. Кілемді ашып қалып едім, жерден сыз тартып тұр екен. Балаларының үлкені оқушы, кенжесі енді еңбектеп жүрген бала. Ол әйелдің еңбекқор болғаны сондай, кез келген жұмысты істей береді. Қыста құдықтан су тасып, қолын суық сумен жуатындықтан, бір қолы сал болып қалған. Ол соған қарамастан тоқтап қалған емес. Таныстарынан қарызға ақша сұрап, қаланың екінші шетіндегі асханалардың бірін жалға алған. Онда сатылатын барлық тамақты өзі дайындайды. Базарға барып, жарамсыз ыдыс аяқтарды сұрап алып, оны жөндеп, ОЛХ-ке қойып сатады. Ал ұлы оны сатып алатын адамның үйіне велосипедімен жеткізіп салады. Осы жағдай менің есімде ерекше сақталып қалды.

- Биыл Волонтерлер жылы деп жарияланды. Волонтерлікпен айналысуды қолға алатын адамдарға қандай кеңес бересіздер?

- Біріншіден, ниет түзу болуы керек. Уақытыңды Алла разылығы үшін құрбан ете білуің керек. Екіншіден, кәсібилік. Көптеген волонтер жобалар белгілі бір нәтижеге жетпей жатып жабылып қалады, себебі ұйымдастырушылар сөзбен айтқандарын іс жүзінде жүзеге асыруға қауқары жоқ. Ұйымды құрған кезде кәсіби мамандарды жинау керек. Үшіншіден, нәтиже көрсету. Меценат немесе халықтан көмекке ақша сұрау үшін алдымен жұмыс нәтижеңді көрсетуің керек. Төртіншіден, есеп беріп отыру керек.

ЕЛБАСЫ САБАҚҚА АРБАМЕН БАРЫП, ШАХТАДА ЖҰМЫС ІСТЕГЕН


- Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды өмір сүріп жатқан балаларға қандай кеңес айтасыз?

- Мүмкін қазір арзан пиджак, жыртық аяқ киім киіп жүрген боларсың. Ол үшін арланба! Мүмкін сенде сыныптастарыңмен бірге қыдыру мүмкіндігі жоқ шығар. Ол үшін намыстанушы болма! Елбасының өзі мектепке арбамен барып, еңбек жолын шахтада бастаған. Ең бастысы – армандай біл, алдыңа айқын мақсат қоя біл. Мектепке мұғалім «Жөндеу жұмыстарына бәрі ақша өткізіп қойды. Сен тағы да өткізген жоқсың!» десе, «Мұғалім, менде ақша жоқ. Неге бәрінің көзінше осылай сөйлейсіз? Неге ашуланасыз?» деп айт. Осындай жағдайда балалардың көбі қатарынан қалып бара жатқаны үшін анасын, әкесін кінәлайды. Бұл – дұрыс емес. Осындай отбасында өмірге келсе де, көзінде оты бар балалар да көп. Мысалы, біз көмектескен отбасылардың біріндегі оқушы қыз үй алғаннан кейін алғыс айтып, біз басқа отбасыларға үй алып берген кезде торт дайындап әкеледі. Осындай жағдайлара куә болған кезде еңбегіміз далаға кетпейтінін түсінеміз.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!


Соңғы жаңалықтар