Асхат Маемиров жаңа қызметке тағайындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына директор болып Асхат Маемиров тағайындалды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Асхат Максимұлы 1974 жылы 12 наурызда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген.

1991-1995 жылдары Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетінде білім алған.

1996 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын драма режиссері мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын 1997 жылы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында актер болып бастады. Кейін қоюшы-режиссер, облыстық халық шаруашылығы орталығында бас режиссер болып жұмыс істеді. Бұдан соң Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқытушы, Құрманғазы атындағы Орал музыкалық колледжінің актер шеберлігі бөлімінің меңгерушісі, «Қазақстанның рухани даму қоры» АҚ вице-президенті, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы «Қазақ әуендері» АҚ президенті болып қызмет етті.

2008 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясымен Сорбонна университетінде және Париж ұлттық өнер консерваториясында білімін жетілдірді. 2010 жылы Ресей театр өнері институтының магистратурасын тәмамдады.

2017 жылдың 12 мамырында ҚР Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен «Қазақконцерт» өнер бірлестігінің бас директоры болып тағайындалды.

2018 жылдың 12 ақпанында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына жетекшілік етті.

Бұған дейін А.Маемиров Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін атқарды.

Айта кетейік, «Қаллеки» театрын бұған дейін Жаудыр Айболат басқарған болатын.

Соңғы жаңалықтар