Асхат Аймағамбетов ЖОО-лардың басшыларын сынға алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп түлегінің кәсіптік бағдарын айқындау жұмысын еліміздегі ЖОО-лар дұрыстап жүргізіп отырмағанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ЖОО-лардың басты міндеттерінің бірі – мектеп түлегінің кәсіптік бағдарын айқындау. Ешкім де сіздердің алдарыңызда (университет басшыларына қарата) мұндай тапсырманы қоймауы да керек. Себебі бұл - ЖОО басшысының әрбірінің алдында тұрған ең негізгі міндеттердің бірі. Бірақ кәсіптік бағдарды айқындау жұмысының жарнамаға айналып кететіні бар. Яғни, жылдың ақпан айында «ояна қалып», әріптестеріміз мектепті аралай кетсе – біз оны кәсіптік бағдарын айқындау жұмысы деп атай алмаймыз. Себебі ақпан – өте кеш. Оқушылар оған дейін-ақ өз мамандықтарын таңдап қояды», - деді Асхат Аймағамбетов онлайн режимде университет басшыларымен өткізген онлайн режимдегі жиында.

Министр осы себепті университеттер кәсіптік бағдарды айқындау жұмысы жүйелі түрде жүргізілу керектігін ескертті.

«Ол жұмыс жоқ дегенде 6-7 сыныптан басталуы тиіс. Балалар сол кезден бастап сіздердің ЖОО-ларыңызды білуі керек. Оқушы кезінде ол балалар сіздердің байқауларыңыз бен олимпиадаларыңызға қатысуы керек. Бұл мәселеге бүгінгі күнге дейін көп көңіл аударылмай отыр. Екіншіден жалпы түсінік те жоқ. Әйтсе де кейбір ұлттық және өңірдегі университеттер бұл жұмысты жүргізіп те жатыр. Бәрінде бірдей жұмыс жоқ деуге келмейді. Бірақ бұл бағытта нақты қалыптасқан жүйелі жұмыстың жоқ екенін біз ашып айтуымыз керек», - деді ол.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша мектептердің әр түлегі мамандықты таңдау кезінде нарықта оған сұраныс бар ма деген сұрақтың жауабын біліп алуы тиіс.

«Университет таңдау бойынша көп сұрақ бар. Білім және ғылым министрлігі «Атамекен» палатасымен бірге жасаған рейтинг бар. 2021 жылдан бастап сертификаттау енгізіліп, университеттің бәрі мемлекеттік емес, өз дипломын береді. Оның артында үлкен мағына жатыр. Университеттер мен білім бағдарламаларын қалай таңдау керек – бұл мәселелерге тиісті жауап беріліп отырған жоқ. Балалар мамандық таңдау кезінде тиісті ақпаратты таба алмай отыр. Ол ақпарат болмағаннан кейін бала әрине мамандықты дұрыс таңдамайды. Бірінші курстан кейін қаншама бала басқа мамандыққа ауысып кетіп жатыр. Жалпы нарықта қажеттілігі жоқ мамандықтар бойынша ақша төлеп оқып жатқандар қаншама. Сондықтан бұл жұмысты жүйелі түрде жүргізуіміз керек», - деді ол.

Фото: www.nege.kz
Соңғы жаңалықтар