Асхат Аймағамбетов: Жаңа оқу жылына қатысты БАҚ-та қате ақпарат көп

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов барлық БАҚ өкілдерін дәстүрлі Тамыз кеңесіне шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019-2020 оқу жылдарының жаңалықтарына келер болсақ, бұқаралық ақпарат құралдарында өте қате және шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат көп. Сондықтан, 16 тамыз күні дәстүрлі Тамыз кеңесі өтеді. Сол кеңеске барлық БАҚ өкілдерін шақырамыз. Кеңесте бар өңірден педагогтарды шақырып, талқылаймыз. Әдістемелік нұсқаулық бүкіл өңірлерге жіберіледі. Тиісті брифингті өткіземіз. Сонда барлық жаңалықтарды жіктеп, беретін боламыз», - деді Асхат Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, қате ақпараттардың көбі латын қарпіндегі қазақ әліпбиіне қатысты екенін айтады.

«Латын қарпіндегі қазақ әліпбиі бойынша әртүрлі ақпарат жүр. Бір ақпаратта жаңа әліпбидің 2019 жылы, бір ақпаратта 2020 жылы енгізілетіні жазылған. Ал негізінен бекітілген жалпы кестенің барын өздеріңіз білесіздер. Қазір осы латын әліпбиіне көшу үшін тиісті емле-ережелер жасалып, пилоттық жобалар басталуы керек. Сондықтан, кестеге сәйкес бірте-бірте көшетін боламыз», - деді ол.

Еске сала кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин өңір әкімдеріне барлық білім беру ұйымдары жұмысты бастауға 100 пайыз дайын болуы керектігін тапсырған болатын.


Соңғы жаңалықтар