Асхат Аймағамбетов ваучерлік қаржыландыруға қатысты қауесетті сейілтті

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ваучерлік қаржыландыру төңірегіндегі алып-қашпа әңгімелерге орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде ваучерлік қаржыландыруға қатысты аңыз көп. Бұл аңыз кең таралып жатыр. Жаңа оқу жылынан бастап, мемлекеттік тапсырысты әрбір ата-ана ақшаны өз есеп-шотына алуы үшін екінші деңгейлі банктерге орналастырады екенбіз-мыс», - деді министр республикалық тамыз конференциясы барысында.

Оның атап өтуінше, бұл бағытта бірнеше ілкі жоба іске қосылған.

«Ваучерлік қаржыландыру болады деп шешім қабылдадық. Бірақ, ақша әрбір ата-анаға аударылмайды. Мүмкін болашақта әлеуметтік әмиян болған кезде, тетіктердің бәрі цифрландырылғанда солай болуы да мүмкін. Мәселе келешекте қаралады. Бірақ, қазіргі уақыттағы ваучерлік қаржыландыру – білім басқармасының білім беру ұйымдары тізбесін мемлекеттік тапсырысқа бөлінетін орынның нақты санын анықтамай айқындауы. Мұнан ары ата-ана қай балабақша қажет екендігін өзі таңдайды», - деді Асхат Аймағамбетов.


Соңғы жаңалықтар