Асхат Аймағамбетов Павлодар облысының педагогтерімен кездесті
2022 жылғы 20 маусым 09:46

Асхат Аймағамбетов Павлодар облысының педагогтерімен кездесті

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Мемлекеттік тапсырыстардың құнын арттыру, тәлімгерлік қызметке қаражат төлеу және өзге де мәселелер ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің Павлодар облысының педагогтерімен кездесуінде көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министр өңірге сапары кезінде аудандар мен қалалардың білім бөлімдері басшыларымен, қалалар мен ауыл мектептерінің және арнайы ұйымдардың директорларымен, балабақша меңгерушілерімен кездесті.

Колледждер мен өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары дуалды оқытуды дамыту, мемлекеттік тапсырыстардың құнын арттыру, тәлімгерлік қызметке қаражат төлеу, кәсіпорындарға дуалды оқытуға арнайы киім мен шығындалатын материалдарға қаражат бөлу, кәсіби стандарттарды әзірлеу, оқу бағдарламаларын жаңартуға қатысты сұрақтар қойған. Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту жөнінде пікір-ұсыныстарын айтты.

«Ал ауданның, қаланың білім бөлімдері басшылары, қала және ауыл мектеп директорлары, арнайы ұйымдар және балабақша меңгерушілерімен кездесуде ПМПК-ның (психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия) дамуы, мектепке дейінгі және орта білім беру, балабақшаларды лицензиялаудың маңыздылығы, оқу жылына дайындық, жазғы мектеп нәтижелері және басқа да мәселелерді талқыладық», - деп жазды А.Аймағамбетов Facebook-те.

Павлодар облысында жұмыс сапарымен жүрген министр бұған дейін өңір тұрғындарымен кездесіп, есеп берген болатын. Одан бөлек, ірі өнеркәсіп және шағын, орта бизнес өкілдерінің қатысуымен колледж қызметі мәселелері бойынша дөңгелек үстел отырысына қатысты.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT