Асхат Аймағамбетов мектептер қашан бейнебақылаумен толық қамтылатындығын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Республиканың барлық мектептерін бейнебақылаумен толық қамтуға 1-2 жыл қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы мен Мемлекет басшысы балалардың, әсіресе олардың мектепте болған кездеріндегі қауіпсіздігіне байланысты мәселеге айрықша назар аударады. Біз үшін балалардың мектепте болған кезіндегі қауіпсіздігі ғана маңызды емес. Өздеріңізде білесіздер, балалардың үйде болған кезде терезеден құлап кету жайттары да көп. Сондықта ата-аналар мен мектептің жауапкершілігін күшейту және балаларымызға қауіпсіз жағдай жасау үшін норма қабылданады. Бұл орайда мектептерді бейнебақылаумен 100 пайыз қамту жайында сөз болып отыр», - деді министр.

Оның атап өтуінше, балалардың мектептегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды жүзеге асыру қажет. Сонымен қатар ол республиканың барлық мектептері қай уақытта 100 пайыз бейнебақылаумен қамтылатындығын айтты.

«Мемлекеттік бағдарлама 2025 жылға дейін есептелінген. Бірақ, біз ары кеткенде 1-2 жылдың ішінде осынау кешенді мәселелер шешілуі тиіс деп есептейміз. Бейнебақылау бойынша келесі жылдың соңына дейін жергілікті басқарудың барлық органдары бұл мәселені шешуі тиіс деген міндет қойып отырмыз. Бұл айта қоярлықтай үлкен проблема емес. Балаларды қорғау мен тасымалдауды қамтамасыз ету үшін 2025 жылды күтудің қажеті жоқ», -деді Асхат Аймағамбетов.

Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2025 жылға дейін Қазақстанда білім мен ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын таныстырған еді.

Соңғы жаңалықтар