Асхат Аймағамбетов мектеп қауіпсіздігі туралы: Қазан қаласындағы оқиға салдары зерделенді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында білім беру объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Халықаралық тәжірбие, соның ішінде Қазан қаласында болған оқиғаның салдары да зерделенді. Бұл талдау Қазан мектебінде оқушылар мен мұғалімдердің осындай қауіпті жағдайда қажетті іс-әрекеттерді білуінің арқасында, дабыл түймелерімен, арнайы күзетпен қамтамасыз етілуінің арқасында залал минималды деңгейде болғанын көрсетеді. Халықаралық тәжірибе де бейнекамералармен, дабыл түймелермен қамтамасыз ету, төтенше жағдайларға қарсы әрекет етудің нақты алгоритмін енгізу, арнайы күзет және педагогтер мен оқушыларды даярлау қажеттілігін көрсетті», - деді министр.

Осыған орай, өткен оқиғалардың талдауы мен халықаралық стандарттарға сүйене отырып арнайы нормативтік-құқықтық актілер қабылданған.

Соның ішінде, терроризмге қарсы тұру үшін қойылатын талаптар, білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен қамту стандарттары және білім беру ұйымдарында тыйым салынған заттардың тізбесі сияқты талаптар бекітілді.

«Енді осы талаптарды орындап, қауіпсіз орта қалыптастыру үшін келесідей міндеттерді орындауымыз қажет: Біріншіден, барлық бейнебақылау камераларын бекітілген талаптар мен стандарттарға сәйкестендіруіміз қажет. Қалаларда орналасқан мектептердің бейнекамераларын жедел басқару орталықтарына қосуымыз қажет.

Екіншіден, барлық білім беру ұйымдарын дабыл түймелерімен қамту, үшіншіден – қала мектептерін арнайы күзетпен қамтамасыз ету, төртіншіден – педагогтерге және оқушылырға төтенше жағдайлар мен террористік қауіп төнгенде қабылданатын шаралар мен алгоритмдерін енгізу және психологиялық қызметтердің рөлі мен жалпы тәрбие жұмысын күшейтуіміз қажет», - деді А. Аймағамбетов.

Еске сала кетейік, 11 мамырда Қазан қаласындағы Файзи көшесіндегі мектепте белгісіз екі адам оқ жаудырған болатын.

Атыс кезінде 8 адам қаза тауып, тағы 21 адам зардап шекті.


Соңғы жаңалықтар