Асхат Аймағамбетов колледждегі орынбасарларды қысқартуды ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов елдегі колледждердің басқару формасын «шаруашылық іс жүргізу құқығына» ауыстыруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кейбіреулер «шаруашылық жүргізу құқығынан» (ШЖҚ) қорқады, бірақ ұйымдастыру-құқықтық формасы тиімсіз болғандықтан емес, жан басына қаржыландырудан қорқады. Біз бірнеше колледжге талдау жүргіздік. Мысалы, шағын колледжде 120 студент, жеті орынбасар бар, топтар аз. Тіпті мемлекеттік тапсырыс сомасын 800 мың теңгеге дейін көтерсек те, бұл қаржы колледжге жетпей жатады. Штаттардың типтік ережелері бар екені түсінікті, бірақ бұл штаттың барлығын ұстап тұруға ешкім мәжбүрлемейді, керісінше, ШЖҚ форматы колледж директорына қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Орынбасарларды азайтып, сол ақшаны басқа нәрселерге бағыттай аласыз. Немесе орынбасардың орнына адвокатты немесе мемлекеттік сатып алушыны жұмысқа алуға болады. Яғни, ШЖҚ-дағы формат колледждерге тиімді», - деді министр елордада өткен тамыз конференциясының «Еңбек нарығы және кәсіптік білім: жаңа мүмкіндіктер» панельдік сессиясында.

А. Аймағамбетов колледждер смета бойынша емес, әрбір студентті ескере отырып қаржыландырылатынын еске салды. Бұл жүйеге үйреніп, комфорт аймағынан шығып, студенттерді тартуды үйрену керек.

«Бір студентке бөлінген тұтас қаражат осы колледжге түседі. Үнемдеуді көріп, үнемделген қаражатты алып қою болмайды. Бұл жағдайда колледжде үнемдеуге, қосымша штаттарды жабуға, басқа штаттарды енгізуге және басқаларына ынталандыру болмайды», - деп толықтырды министр.

Бұған дейін А. Аймағамбетов колледж директорларының мектеп мұғалімдерінен де аз айлық алатынын айтқан еді.



Соңғы жаңалықтар