Асхат Аймағамбетов ғылымды дамытуға қатысты бірқатар ұсынысты жариялады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілісте ғылымды дамыту тақырыбындағы Үкімет сағатында депутат Асхат Аймағамбетов салаға қатысты бірқатар ұсынысты жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Депутаттық корпус «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасын дайындап жатыр. Енді Үкімет тиісті қорытындыны тез арада Мәжіліске енгізуі тиіс», - деді А. Аймағамбетов.

Сонымен қатар ол депутаттар мен сарапшылардың тағы бір ұсынысын айтты. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Мәдениет министрлігінің жоғары оқу орындарын Ғылым министрлігінің қарамағына беру керек. Бұл қадам саладағы сапаны көтеруге ықпал етеді. Ал Оқу-ағарту министрлігінің қарамағына педагогикалық институттар мен университеттерді ауыстыру қажет. Осы бағыт білім берудің барлық деңгейі үшін педагогтерді даярлаудың тұтас моделін құруға мүмкіндік береді.

«Мұнымен қоса, тікелей қаржыландыруға жататын ғылыми ұйымдардың субъектілерін кеңейту керек. Олар – медицина, аграрлық ғылым, іргелі зерттеулер. Біздің ғалымдар конкурсты күтіп отырмай, күнделікті қаражаты мен тиісті жалақысы болуы тиіс. Ал конкурстан ұтып алса, бұл қаражат қосымша қаржыландыру ретінде қарастырылуы керек», - деді А. Аймағамбетов.

Бұдан бөлек ол ғылыми жобаларға мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізетін сарапшыларға қатысты жаппай ревизия жүргізуді ұсынды. Ол үшін субъективизмді алып тастап, ғылыми жұмыстарды бөлу процесін автоматтандыру қажет.

«Ұжымдық пайдалану зертханаларының қызметін үйлестіру үшін бірыңғай e-lab платформасын құру өте маңызды. Сонымен қатар, қазақстандық ғалымдардың ғылыми журналдары мен монографияларын басып шығару бойынша арнайы гранттар бөлуді жаңа заң жобасында қарастырып жатырмыз. Бұдан бөлек, Медицина ғылымының ерекшелігін ескере отырып, медициналық ғылыми зерттеу институттарының базасында медициналық жоғары оқу орындарымен тығыз коллаборация жасау арқылы Диссертациялық кеңес ашқан жөн деп санаймыз», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар