Асхат Аймағамбетов баласына қанша теңгеге мектеп формасын алғанын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ұлының мектеп формасын сатып алған чекті жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін Үкімет отырысынан кейін ұлыма мектеп формасын алуға қанша қаражат жұмсағанымды сұрады. Ұлым мемлекеттік мектепте оқиды және оқу жылына басқа ата-аналар сияқты дайындаламыз. Жексенбі күні ұлым екеуіміз 36 000 теңгеге жейде, костюм, шалбар және галстук сатып алдық. Түбіртектен заттардың құнын және оның жалпы сомасын есептеп көруге болады», - деп жазды министр Facebook парақшасында.

Сондай-ақ мектеп формасынан бөлек, министр шамамен 20 мың теңгеге портплед сатып алған.

«Жауабымды растау үшін сатып алынған заттардың түбіртектерін қоса салып отырмын. Бір түбіртекте сома 26 мың теңге (Пиджак. Шалбар. Жейде). Екінші түбіртекте – 10 мың теңгеден жоғары (тағы бір жейде мен галстук). Жалпы сомасы 36 мың теңгеден асады. Портплед шамамен 20 мың теңге. Бұрын сатып алынған мектеп формасы барын да айтқым келеді. Яғни былтырғы киімдерін балам биыл да киеді. Министрліктің 475 мың мұқтаж балаға мектеп формасын сатып алуына қаржылай көмек көрсету шараларын қадағалап отыратынын атап өткім келеді. Оқу жылы қарсаңында Үкімет бұл мәселені бақылауға алды. Премьер-Министр тиісті тапсырмалар берді», - деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Үкімет кулуарында мектеп формасы туралы тілшілердің сұрағына жауап берген еді.


Фото: facebook.com/askhat.aimagambetov




Соңғы жаңалықтар