Ашаршылық пен қуғын-сүргін ұлтымыздың мінезін өзгертіп жіберді - тектанушы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 31 мамыр – қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл атаулы күннің саяси астарынан әлеуметтік маңызы, ұлтты біріктіру жолындағы миссиясы тереңірек. Тектанушы, психолог, родолог-консультант Әлия Сағымбаеваның ҚазАқпаратқа берген сұхбатынан осындай ой түюге болады.

Қазақтың шежіре қуып, тегін тану дәстүрі қазір психологияның жеке бір тармағы ретінде дамып келеді. Әзірге біздің ғалымдар оны ресейлік Докучаевтардың авторлық құқығы негізінде зерттеп жүр. Осы тектанушылардың саяси-қуғын сүргін туралы зерттеулеріне үңілсеңіз, қорқынышты сандарға тап боласыз. Науқаспен тектану негізінде жұмыс істейтін мамандардың алдына келген адамның 80 пайызы репрессияға ұшырағандардың, жер аударылғандар мен соғысқа қатысқандардың ұрпағы болып шыққан. Әлбетте, ХХ ғасырда аталған нәубеттердің тым болмаса біреуін басынан өткермеген әулет жоқ шығар. Сондықтан, тектанушы ғалым Әлия Сағымбаевадан алған сұхбатымызда жалпы статистикадан гөрі жалқы мысалдарға көбірек тоқталуды жөн көрдік.

- Саяси репрессия мен ашаршылықтың бүгінгі қазақстандықтардың психилогиясындағы салдары туралы не айтар едіңіз? Зерттеу кезінде қандай негізгі тұжырымдар жасай алдыңыздар? Ерекше есіңізде қалған мысалдар, фактілер бар ма?

- Пандемия кезінде «Пандемия өркениет қатері ретінде және ашаршылық пен репрессияның, депортация мен кәмпескелеудің бүгінгі ұрпаққа алыс әлеуметтік-психилогиялық салдарын өзектендіру» деген тақырыппен зерттеу жүргіздік. Қазақстан тарапынан бұл зерттеуге Сәуле Мусина деген тектанушы-консультант екеуіміз атсалыстық. Докучаевтардың 1995 жылдан бері дамытып келе жатқан ілімі бойынша ХХ ғасырдағы нәубеттердің психологиялық зардабы 3-4 ұрпақ ауысқанша қылаң беріп отыруы мүмкін. Яғни, шөберелерінде дейін жетеді деген сөз ғой. Пандемия бастала қалған кезде жүргізген сауалнамамыз сол теорияның растығын дәлелдеді. Жалпы Қазақстан, Түркия, Франция, Бельгия, АҚШ, Канада, Өзбекстан, Молдова және Ресейде тұратын 593 адамға сауалнама жүргіздік.

Нәтижесі мынадай:

Жауап берушілердің 41%-ы жеке басының қауіпсіздігі үшін қорқатынын айтқан. Бұлай жауап бергендердің 72%-ың арғы тегінде аталары әулеттен ерте кеткен (атылған, соғыста мерт болған, қуғынға алынып, хабарсыз кеткен). 52%-ы балалары үшін алаңдаушылық білдірген. Олардың 88%-ың әулет тарихында ата-ана мен баланың айырылу фактілер болған. 57%-ы жақындарын жоғалтам деген үрей пайда болғанын растады. Олардың 86%-ы бұған дейін жақындарын жоғалтқан болып шықты. 43%-ы аштық қаупінен қорқатынын мойындаған. Бұлардың 89%-ың ата-бабасы ашаршылықты көрген.

Пандемия кезінде карантиннің енгізілуін сауалнамаға қатысушылардың 47%-ы репрессия басталғандай қабылдаған. Мұндай адамдардың 83%-ың ата-бабасы кәмпескеге ұшырап, қуғын-сүргін көрген.

- Сіз айтып отырған Докучаевтардың дерегі бойынша, Ресей мен Қазақстандағы онкологиялық ауруға шалдыққандардың 80 пайызы қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары екен. КСРО құрамында болған елдердің бәрі қуғын-сүргіннің астында өмір сүргенін ескерсек, бұл кеңістікте ата-бабасы қуғындалмаған адам табудың өзі қиын шығар. Сондықтан орыс ғалымдарының айтып жүргені маған онсыз да айқын статистика сияқты көрініп отыр. Дегенмен, ғылыми тұрғыда репрессия мен онкологияның байланысын қалай түсіндіруге болады?

- Кәмпеске, репрессия, ашаршылық кезінде қаншама адамның жазықсыз ажал құшқанын білесіздер. Ал солардың тірі қалған жақындары психологиялық соққы алды. Бейбіт заманда жақыны қайтыс болған адамды маңайындағы жұрт жұбатып, қайғысына ортақтасады. Қазақтың жетісін, қырқын, жылдығын беруі тегін емес. Оның түбінде психологиялық мағына жатыр. Адам жалғыз қалмағанын сезінеді. Жоқтау дейтін салтымыздың феномені осында. Психологиялық соққының салмағын жеңілдетудің бір жолы ғой. Ал қуғын-сүргін заманда оның бәрі адыра қалды. Психология тілімен айтқанда, сол кезеңде адамдардың психологиялық соққыдан алған жарасы «таңусыз» қалды. Ол кезде әділдік сұрауды қойып, жоқтап, жылаудың өзі қауіпті еді. Сыртқа шықпаған зар мен нала адамның түпсанасына кетеді. 46 хромосома арқылы, ДНҚ арқылы адамның түпсанасында пайда болған қорқыныш, үрей, өкпе, реніш, наланың бәрі ұрпақтарына тұқымқуалаушылық механизм арқылы беріліп отырады. Мұны батыста «тектегі жарақаттардың трансгенерациялық тасымалы» дейді. Біздің әдістемеде «тектегі сценарий» дейміз. Қазақтың жалпақ тілінде оның бәрі тұқымқуалаушылыққа жатады. Ген арқылы тасымалданатын мұндай жағымсыз бағдарламалар 3-5 ұрпаққа дейін беріліп тұруы мүмкін. Тәуелсіз Қазақстанда, бейбіт заманда өмір сүріп жатсақ та, төтенше жағдайларда ата-бабадан берілген эмоциялар қылаң беріп жататыны содан.

Әр аурудың психикалық себебі қатар жүреді. Онкологияның адам психикасымен тығыз байланысты екенін дәрігерлердің көбі біледі. Батыс мұны баяғыда зерттеп тастаған. Луиза Хэй, Лиз Бурбо деген мықты психотерапевтер бар. Әр аурудың түпкі себептерін зерттей келіп, онкологияның ең маңызды себебі – өкпе, реніш деген қорытындыға келген. Мысалы, бірталай жыл бұрын жасы 60-қа келіп қалған бір кісіге консултация бердім. Жақсы қызметте жүрсе де, басшылықпен сөзі жараспай, қиналып жүрген екен. Салдарынан жұмыстан қуылады. Қызметтен соң бизнес бастап көргенімен, серіктестері алдап кетеді. Маған келген кезде айналасына деген өкпесі қара қазандай еді. Өмір деген әділетсіздіктердің жиынтығы деген қорытынды шығарып қойыпты. Өкінішке қарай, ол кезде онкологиясы төртінші сатыға өтіп кеткен еді. Содан біз тегінің тарихын зерттеп көрдік. Атасы бақуатты, текті әулеттің тұтқасы болған екен. Бүкіл малын қызылдардың игілігіне беруден бас тартады да, әскер ауылын түгел қырып тастайды. Ал әкесі ол кезде 3-4 жастағы бала екен. Оның күтіміне жауапты қызметші әйел болған. Бай әулетінің үрім-бұтағын атуға әкетіп жатқанда күтуші жалғыз баланы етегінің астына жасырып, аман алып қалады. Әкесі өмір бойы бір жағы орыс билігінен үрейленіп, бір жағы назаланып өткен. Сол сыртқа шықпаған өкпе-реніш балаға ген арқылы берілген болса керек. Яғни, атаның тағдыры арқылы генге жазылған психологиялық жарақатты баласы сезінбегенімен, немереге тасымалдап жеткізуі мүмкін.

Онкологияға тап болған адамдарды Докучаевтардың әдістемесі бойынша қабылдаймын. Онкологияға шалдығып маған келгендердің ішінде арғы тегінде әділетсіздік көрмеген адам жоқ.

- Осы күнге дейінгі зерттеулеріңізден шығарған қорытындылар, деректер Қазақстанның ғылыми айналымына енді ме? Енбесе оған не кедергі?

- Қазақстанда қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары сезініп жүрген психологиялық салмақтың зардабы ғылыми айналымға енді деп айту қиын. «Докучаевтардың тектану тәсілі» деп атап жүрміз. Ресейде «Бүкілресейлік кәсіби психикалық-терапевтік лига» деп аталатын ұйым бар. 2018 жылы осы қауымдастық Докучаевтармен бірлесіп жасаған біздің тәсілді психологияның бір бағыты деп таныды. Қазақстанда Докучаевтардың авторлық құқығы негізінде ғана жұмыс істеп жүрміз. Әділет мнистрлігінде тіркелген. Жоғары оқу орындарында, психология пәнінде жеке бір бағыт ретінде әзірге оқытылып жатқан жоқ. Тектанудың бұл бағыты 1995 жылдан бастап дамып келеді. Ал ғылымның теориясы пайда болып, оның өмірде қолданысқа енуі, ресми мойындалуы өте ұзақ жүреді. Сондықтан бүкіл даму кезеңін бастан өткеріп шығуымыз қажет. Жалпы тектану Қазақстанда ғылыми пәндер тізбесіне енбеген.

- Елімізде саяси-қуғын сүргіннің әсері тимеген әулет жоқ. Сол зұлматтардың басталғанына 100 жылдан асқанымен, әсерін әлі ұмытқымыз келмейтін сияқты. Кешегі қуғын-сүргін көргендер мен соны ұйымдастыруға атсалысқандардың ұрпақтарының психологиялық портретін жасап беріңізші. Қазақстандықтарды қуғын-сүргін құрбандары мен қуғындаушылардың ұрпақтары деп екі лагерьге бөліп қарауға бола ма? Шартты түрде осындай екі лагерь бар деп есептесек, екеуінің ымыраға келуі үшін не істеу керек?

- Докучаевтердің теориясы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандары мен соғысқа қатысқандардың ұрпақтарына мынадай ауыр мінез-құлықтар көбірек тән болып келеді. Бірінші мінезді өз тілімізге икемдеп, «үзу үлгісі» деп атап жүрміз. Бастаған істі аяғына жеткізбеу, соның салдарынан түпкілікті нәтижеге жете алмау. Оны адам өз бойынан іздеуі мүмкін. Кезінде атасының өз күшімен құрған өмір сүру дағдысын, маңдай терімен жиған дәулетін саясаттың желі орта жолдан үзіп, баянсыз етіп жіберген болуы мүмкін. Оның соққысы қатты болғаны сонша, ұрпақтары да белгілі бір межеден аса алмай не жұмысын, не мекенін, не кәсібін ауыстыруға бейім тұрады. Екінші бір мінез қуғынға ұшырап, сол күйі хабарсыз кеткен адамдардың ұрпақтарында кездеседі. Оны біз «кету үлгісі» дейміз. Семьясын жөн-жосықсыз тастап кету, бастаған кәсібін аяқсыз қалдыру, ішімдікке салыну, нашақорлық, үйден кетпесе де, жұмысбастылықтың құрсауынан шыға алмау, жастай ауруға шалдығу. Осының бәріне «кету үлгісі» себепкер болуы ықтимал. Үшіншісі – «жоғалту үлгісі». Жанұясы, кәсібі, қызметтегі репутациясы қолдан сусып бара жатса, соңына дейін күреспеу, оңай көндігу, негізсіз шарасыздық. Төртіншісі – «әділетсіздікке ашыну». Айналасынан әділетсіздік іздеп жүру. Проблеманың бәрін соған тіреу. Бесіншісі – билікке деген сенімсіздік.

Екі лагерьге бөліну мәселесіне келсек, аласапыран заманда ата-бабаларымыздың әрқайсысы санасы мен шамасының жеткенінше шешім қабылдады деп ойлаймын. Бір бөлігі жаңа биліктің беталысынан жерініп, шетке қоныс аударды. Біреулер қасқайып қарсы тұрып, құрбан болды. Тағы бір бөлігі жаңа билікке қызмет етіп кетті. Көп жағдайда ондай қадамға туған-туысын, әулетін, руын сақтап қалу үшін барды деп ойлаймын. Сондықтан ол кездегі адамдардың сол кездегі шешімі үшін ешкімді кінәлауға қақымыз жоқ.

- Дегенмен, екіге бөліну бар ма? Бар болса, оның қатері қандай?

- Сұрақты дұрыс қойып отырсыз, екі лагерьге іштей бөлінудің белгісі қоғамда әлі байқалады. Әсіресе «Фейсбукте» оны бірден аңғаруға болады. Шындық іздеп, оппозициялық көңіл-күйге бейім тұратындардың ата-бабасы кезінде әділетсіздікке көп ұшырағанын жазған комментариінен-ақ түсініп отырамын.

Алысқа бармай-ақ, қаңтар оқиғасын қарайықшы. Айналдырған 5-6 күннің ішінде өткен ғасырда аталарымыз өткерген қиындықтың бәрін ықшам сценаримен қайталап шыққандай болдық. Төңкерістің де, репрессияның да, соғыстың да нышандары көз алдымызда жүріп жатты. «Тектегі сценарий» дейтініміз осы. Содан бері 4-5 ай өтсе де қаңтар оқиғасы туралы әркімнің өз шындығы бар. Өйткені шетін жағдайда әрқайсымыз белгілі бір ұстанымда қалып, шешім қабылдадық. Сол қабылдаған шешімімізге өткен ғасырдың қиын кезеңдерінде бабаларымыздың қандай әрекет жасағаны тікелей әсер еткен болуы мүмкін. Украина мен Ресейдің арасындағы жағдай біздің қоғамды тағы бөліп тастады. Ерлі-зайыптылардың бірі Ресейді, бірі Украинаны жақтап, қырқысып жатқан отбасыларды да білемін.

Тіл мәселесінде де бөлініп алдық. Менің ойымша, кез келген қарсыласудың соңы жақсылыққа апармайды. Әрине, әділет үшін күресетін адамдарды жақсы түсінемін. Дегенмен бір-бірімізбен тезірек диалогқа келуіміз керек. Ол биліктің немесе жұртқа ақыл айтқыштардың тақауырымен емес, ішкі түсінікпен іске асатын шаруа. Әйтпесе мұндай алауыздықты кез келген теріс пиғылға пайдаланып кетуге болады. Диалог болғанда бір-бірімізді жазғырмай, бір үстелдің басында сөйлесуіміз керек. Кейде «Фейсбуктегі» жазбаларды оқысаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады. Жақында Оралдан келдім. Семинар біткеннен кейін 5-6 адам дастарханда бас қостық. Арамызда жасы 40-тан асқан жалғыз ер адам отырды. Өңкей қазақтар, қазақша сөйлесіп отырғанбыз. Әлгі ер адам үнсіз отырды. Ішіміздегі жасы үлкен Сәния дейтін белсенді апай әлгіні сөзге тартты. «Қазақша түсінем, бірақ сөйлей алмаймын» деді. Әкесі де, шешесі де қазақша тәрбиелеген екен. Бірақ туған ауылында орыстың саны басым болыпты. Бір сыныптағы 34 баланың төртеуі ғана қазақ болған. Кейін заман түзелген соң қазақ тілін қайта үйренбекші болып қанша талпынса да, қазір жаттаған сөзді қазір ұмытып қала берген. Сөйтсек, 4 сыныпта орыс тілінен сабақ берген орыс мұғалім тақтаға шығарып алып, «Менің ана тілім – орыс тілі» деп қайталатады екен. Баланың санасына күшпен сіңірілген сол код қазір бүкіл талпынысын бұғаттап, кедергі келтіріп жүр. Психилогиялық соққының түпсанаға кетіп қалуы осындай салдарымен жаман. 30 жылда ана тілін үйрене алмауды енжарлық, ездік, құлдық сана деп жазғырушылар көп қой. Маған келген орыс тілді қазақтардың бәрінің түпсанасында психологиялық соққы жатыр. Себебі ата-бабалары қазақ тілі үшін қудаланған. Қазақ болғанымыз үшін ғана бізді қырып-жойған.

Билердің екі елдің арасындағы дауды бір ауыз сөзбен шешкенін аңыз етіп жиі айтамыз. Сол данышпандықты өз бірлігімізді нығайтуға жұмсауымыз керек. Тіл мәселесі өз ішімізде де асқан бітімгерлікпен реттелсе ғана, түбі баянды болады. Кезінде орыс тілін білмегені үшін психологиялық соққы жегендер мен солардың ұрпақтарына енді өзіміз «қазақ тілін білмейсің» деп психологиялық соққы жаудыру даналыққа жатпайды. Санымыз 10 миллионның ар жақ-бер жағында ғана. Ат төбеліндей болып, қырық пышақ болып жүрсек, қалғандарға оңай жем боламыз.

- Ал қазақ тілінің өмірге толықтай енуіне саналы түрде қарсы тұратындар туралы не айтасыз?

- Бірнеше жыл бұрын орыс тілді қазақ студент келді. «Қаным қазақ екенін білем, елден ешқайда кеткім келмейді. Бірақ ауыл қазақтарымен басым бір қазанда піспейтін сияқты. Студент болғалы ауылдан келген замандастарымды жақтырмайтынымды байқап жүрмін. Олардың бүкіл әрекеті түрпідей тиіп тұрады. Бұл дұрыс емес екенін іштей түсінсем де, көңілім илікпей қойды», - деп көмек сұрап келді. Сөйтіп әлгі баланың тегін зерттедік. Арғы атасы кәмпескеге дейін өте дәулетті адам болған екен. Жоқ-жітікке қарайлап жүретіндіктен өте абыройлы болыпты. 1937-38 жылдары ауылдастарының бірі домалақ арыз жазып, ақыры ату жазасына кесіледі. Осы деректі тапқанда ана студент мойнынан жүк түскендей, бүкіл жеккөрініштің түйінін шешкендей болып, жеңілдеп қалды. Осындай соққылардың бәрінің тарқауына не көп уақыт қажет, не әрбірін жіті зерттеп, себебін тауып отыру керек.

- Люстрация неміс халқына не берді? Біздің қоғамда оған сұраныс бар ма?

- Екі дүниежүзілік соғыс та Германиядан басталғаны тарихтан белгілі. Германия, Франция, Бельгия сияқты Батыс Еуропаның дамыған мемлекеттерінде люстрациялық шаралар ғылымның нұқсауымен жүргізілген. Германияда ғылым сол кездің өзінде жақсы дамыған болатын. Мәскеуде Германияның психология мамандарымен біраз сөйлесіп, пікір алмастым. Менімен сөйлескендердің бәрі адамзат алдындағы аталарының әрекеті үшін кінәларын сезінетіндерін айтады. Германияда люстрация өте дұрыс бағытта өтті. Барынша әділетті ұйымдастырылды. Оның ішінде саясаткерлер, әлеуметтанушылар, психологтар, психотерапевтер әдістемесін әзірлеуге атсалысты. Сондықтан шаш ал десе, бас алатындай артық кету болған жоқ. 2000 жылдың 12 наурызында сол кездегі канцлер Гельмут Коль еврей халқының алдында өкінішін білдірді. Халыққа шындықты жеткізу тәсілдерін ұсынуда неміс психологтары көп шаруа тындырды. Бізде ондай бола ма, болмай ма, үлкен сұрақ...

Түрлі саланың ғалымдарының басын қосуды айтпағанның өзінде бізде бұл мәселе бойынша психилогтардың өзінің бастары қосылмайды. Егер бәрі ғылыми деңгейде, саясаттың емес, ғылымның нұсқауымен ұйымдастырылса, люстрация қоғамда ымыраның орнығуына септігін тигізе алады. Біздің қоғамда люстрацияға сұраныс жоқ деп ойлаймын. Басшылардың психологиясы бір басқа, халықтың писхологиясы екі басқа. Сондықтан әзірше сұраныс жоқ сияқты.

- Көне түркінің Ергенеқон дейтін аңызы бар. Оңтүстіктен тиген жаудан ойсырай жеңілген бір ұлыс ел адам аяғы, мал тұяғы жетпейтін дара шатқалды барып паналайды. Ел көсемдері кейінгілерге сол қырғынды көрген соңғы адам көз жұмғанша етекке түспеңдер деп өсиет қалдырады. Мұса пайғамбардың жұртын 40 жыл иен далада ертіп жүргені туралы аңыз да осыған ұқсайды. Бұрынғылар өткеннің салдарынан осылай құтылып отырған. Қазіргі заманда мұның емі қандай?

- Маған салса, емі – ғылым. Өзімді бұл бағытта ем жасап жүрген адаммын деп санаймын. Ал мемлекеттік масштабта алсақ, ұлттық идеология керек. Басшыға, билікке, Үкіметке көп нәрсе байланысты. Зира Наурызбаеваның жоқтау ғұрпы туралы керемет мақаласы бар. Ұжымдық жарақат деген бар. Оның бір емі – жоқтау. «Қаратаудың басынан көш келеді» деген жоқтау ән қазақ тарихындағы орыс отаршыларына дейінгі ең бір қасіретті кезеңнен естелік болып қалған. Біз ХХ ғасырдағы азаптарымызды дәл солай жоқтай алмадық. Яғни, оның зардабын арада жүз жыл өтсе де тістеніп еске алатынымыз содан. Ал оның өзіміз білмейтін психилогиялық зардабы қаншама?! Күнделікті өмірімізде соның белгісін өзіміз білместен көрсетіп жүрген болуымыз мүмкін. Жоқтаудың ұжымдық практикасын ауылдағы өлім-жітімнен көретін едік. Этнографтар, тарихшылар, психологтар, антропологтар, саясаттанушылар бастарын қосып, ұжымдық жоқтаудың ғылыми негізі бар жобасын жасау керек шығар. 31 мамыр сол ұжымдық жоқтаудың күніне айналу керек сияқты. Ашаршылық туралы шындықтар там-тұмдап айтылып келе жатыр. Ол да емнің бір жолы деуге болады.

- Біздің әдебиет өткеннің «шындығын» жырлауға әуес. Шындық қауіп сейілген соң айтылуы керек деген психология бар сияқты. Қалай ойлайсыз?

- Жазушы бола ма, ақын бола ма, қайраткер бола ма, ол ең әуелі - адам. Ал әр адамның тегінің тарихы бар. Жазушы деген тегінде дарын бар адам ғой. Бұл жерде оның маман ретіндегі миссиясына жүк арта берудің пайдасы жоқ. Жазушылардың көбінің ата-бабасы әсіресе ХХ ғасырда қудалау көрген. Атылған, сотталған. Ал шындықты жазу үшін ештеңеден қорықпайтын, сау рух керек. Қазағымыздың рухы керемет әлсіреп кеткен. Халықта жоқ рух жазушыда қайдан болсын?! Сондықтан шындық жазуға дайын зиялылар сирек кездесіп отыр.

- Сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар