Әсет Тұрысов жылжымайтын мүлік базасындағы іркілістің себебін түсіндірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат –Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов жылжымайтын мүлік базасындағы іркілістің неліктен орын алғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері вице-министрден: «Жылжымайтын мүлік базасында іркіліс болды. Адамдар мен нотариустар мәміле жасай алмай қалды. Қазіргі жағдай қандай? Адамдар қашаннан бастап №2, №6 анықтамаларға тапсырыс бере алады?» деп сұраған еді.

Осы орайда Әсет Тұрысов 1 шілдеден бастап бірыңғай жылжымайтын мүлік кадастры іске қосылатынын атап өтті.

«Жылжымайтын мүлік, техникалық паспорт, жер кадастры тіркелімі бар екенін білеміз. Жаңа тәртіпке сәйкес, бірыңғай жылжымайтын мүлік кадастры болады. Яғни, жер мен жылжымайтын мүлікке бірыңғай кадастрлық паспорт болады. Заң аясында бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры жүзеге асырылып жатыр. Бірінші кезеңінде мамырдың 5-9 аралығында жылжымайтын мүлік тіркелімі жаңа ақпараттық жүйеге көшірілді», - деді вице-министр.

Оның атап өтінше, жылжымайтын мүлік базасындағы іркіліс жүйедегі іске қосу және ретке келтіру жұмыстарына байланысты орын алған.

«Дегенмен, техникалық блок қажетті жұмыстың бәрін мерзімінде жасады. Бір күн бізде проблемалы болды және бүгінде бәрі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Барлығын, оның ішінде №2 және №6 анықтаманы да электронды үкімет порталында, ХҚО-да және нотариустан алуға болады», - деді Әсет Тұрысов.


Соңғы жаңалықтар