Әсет Исекешев веложолмен жүретін жаяу жүргіншілерге қатысты пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қала әкімдігі веложолаушылар үшін салынған жолдармен тұрғындардың жүрмеу керектігін түсіндіру жұмыстары үшін белгілі әртістер мен спортшыларды шақыратынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Бір жағынан түсінем, жаңа салынған жолмен бәрі жүргісі келеді, екінші жағынан, әрине, дұрыс емес. Бұл әр адамның жол жүру ережесін сақтау мәдениетіне байланысты. Көбісі әлі біле бермейді. Осы тұрғыда біз белгілі әртістер мен спортшыларды шақырып жатырмыз, олар халық арасында жүріп түсіндіретін болады. Бұл жерде веложолаушыларға да түсіністікпен қарау керек, сіз велосипедпен келе жатырсыз, алдыңызда жаяу жүргінші немесе жас ана қоларбамен кетіп бара жатыр, бұл әрине, қолайсыздық туғызады», -деді Ә.Исекешев.

Оның айтуынша, тұрғындарға түсінікті болу үшін қазірде жүгіруге арналған жолақтар мен веложолдар арнайы түстермен белгіленуде, мысалы, Ботаникалық бақта қызыл - веложол, ал жасыл - жүгіруге арналғаны көрсетіліп, белгі салынған. Әкім қала бойынша барлық жолдарға белгі салынатынын, бірақ ол біраз уақытты талап ететінін айтты.

Бұрын Астананың 20 жылдығына орай қала бойынша 56 шақырым веложол салынатыны айтылған болатын. Веложолаушыларға арналған жол Есіл ауданының Орталық саябақ маңы, Мәңгілік Ел, Д.Қонаев, Достық, Қабанбай батыр, Т.Рысқұлов, Астана-Қарқаралы және Талдыкөл көлінің оңтүстік-батыс бөлігінен Қорғалжың тасжолына дейін қамтылған. Веложолдың салыну жобасы бойынша ені 1,5-3 метрді құрайды.  

Айта кетейік, әлеуметтік желі қолданушылары веложолдармен жаяу жүргіншілердің жиі жүретінін айтқан болатын. 

 

Соңғы жаңалықтар