Әсет Исекешев: Сот және құқық қорғау жүйесі терең ғылыми зерттеулерге негізделуі керек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда «Қазақстандағы құқық қорғау және сот жүйесін жаңғыртудың өзекті мәселелері» атты халықаралық дөңгелек үстел барысында Әсет Исекешов құқық қорғау органдарының модернизациясы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дөңгелек үстелдің модераторы Қазақстан криминологиялық қауымдастығының құрметті президенті, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қорының атқарушы директоры Игорь Рогов Қазақстанның сот-құқықтық жүйесінің жылдан жылға жетіліп келе жатқанын тілге тиек етті.

«Соңғы ірі реформа 2014 жылы жасалды. Жаңа буынның қылмыстық және қылмыстық процессуалдық кодексі қабылданды. Бұл кодекстер Қазақстанды еуропалық модельге жақындатып келе жатыр», - деді Игорь Рогов.

ҚР Президентінің көмекшісі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев сот-құқықтық жүйесінің реформасы тек қана шетелдік озық үлгіні енгізу ғана емес, терең ғылыми зерттеулерге негізделуі керек екенін айтты.

«Қазақстанда басты маңызды реформалардың бірі заң қағидасының енгізілуі. Заң бәрінен биік болуы керек. Құқықтық мемлекетте сот жүйесі әділ болады. Ал құқық қорғау жүйесі халық сеніміне негізделуі керек. Бұл 5 институционалды реформа аясындағы ұзақ мерзімді меже болып табылады», - деді ол.

Оның айтуынша, биыл Мемелекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Қазақстанның құқықтық жүйесін реформалаудың басты бағыттарын атаған.

«Соңғы 25 жылда ауыр қылмыстар саны бірнеше есе азайды. 1996 жылы 2600 адам өлімі тіркелсе, 2019 жылы 845 қылмыс тіркелді. Қарақшылық тонау қылмыстары 6 есе азайған», - деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстан бейбітшілік бойынша әлемдік рейтингте 64-орынға табан тіреген.

«Бұл мемлекеттің көп жылдық жұмысының нәтижесі. Бір-бірімен тығыз байланысты жүйелердің реформасының қоғам үшін өзектілігі жоғары болып отыр», - деді Ә.Исекешев.

Президент кеңесшісі қоғам тарапынан, бизнес тарапынан құқық қорғаушылар мен сот жұмысына көңіл толмайтын жағдайлар жиі кездесетінін айтты.

«Сот және құқық қорғау саласында кез-келген қателік қоғам тарапынан көп талқыға түседі. Кей кездері бұл талқылау теріс көзқарастарды тудырып жатады. Сот жүйесін реформалауға барынша мұқият болу керектігі айқын», - деді спикер.

Әсет Исекешев Президент әкімшілігі жанынан осы мақсатта арнайы комиссия құрылғанын жеткізді.

«Комиссия құрамына мемлекеттік органдар, ғалымдар, құқықтанушылар, адвокаттық кеңсе өкілдері кірген. Жұмыс барысында халықаралық тәжірибе зерттеліп жатыр. Әсіресе азаматтардың шағымына, БАҚ пен әлеуметтік желі жазбаларына мән беріліп жатыр», - деді ол.

Президент кеңесшісінің айтуынша, біріншіден, сот судьяларының шынайы тәуелсіздігі, кәсіби шеберлігі маңызды. Бұл - елімізде жағымды бизнес климат қалыптастырудың маңызды факторы.

«Екіншіден, прогрессивті қылмыстық кодекс. Біз осы орайда дамудың басты векторын көріп тұрмыз. Заңның мәртебесі биік елдердің экономикасы да тез бәсекеге қабілетті дәрежеге жеткенін көріп отырмыз. Үшіншіден, жұмыстың сервистік моделіне ауысу. Құқық қорғау органдары сервистік құрылымға айналуы керек», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар