Әсет Исекешев Назарбаев Университетінің магистранттарына диплом табыстады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Білікті басқарушыларсыз мықты мемлекет құру мүмкін емес. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев Назарбаев Университетінің Жоғарғы мемлекеттік саясат мектебінің магистрант түлектерін құттықтау кезінде осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қордың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жоғарғы мектептің 49 түлегі көптен күткен дипломдарын алып, елге қызмет ету жолына аяқ басты. Мектептің ерекшелігі - мұнда оқудың инновациялық әдістері енгізілген, әлем бойынша мемлекеттік саясаттың үздік мектептерінің тәжірибесі бар. Кәсіби білім мектепте экономикаға, саясатқа, халықаралық қарым-қатынастарға, басқару ісіне маңыз беріле отырып беріледі. Көшбасшылық дағдыға ерекше назар аударылады.

Мектептің жұмысы аясында 2017 жылы іске қосылған мемлекеттік саясат саласындағы PhD бағдарламасы бар. Ол бағдарлама академиялық карьераға немесе зерттеу мекемелерінде жұмыс атқаруға ниетті жастар үшін ашылған.

Әсет Исекешев түлектерді заманның озық университетін аяқтағанымен құттықтай отырып, жастарға сәттілік тіледі.

«Сіздер оқуды ел үшін ең маңызды кезеңде аяқтап жатырсыздар. Қазіргі таңда Қазақстанда экономикада, әлеуметтік салада, аймақтық саясат пен мемлекеттік басқару саласында жаңғырту мен реформалау жүргізілуде. Осы жаңғырту жұмыстарын сәтті жүргізу үшін бізге жас басқарушылар керек. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы әрдайым айтып келеді. Білікті басқарушыларсыз мықты мемлекет құру мүмкін емес. Сіздер мемлекеттік қызмет саласында лайықты орынға ие боласыздар деп сенім білдіремін», - деді ол.

Өз кезегінде Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу түлектерге әрдайым білімге құштарлықпен елдің патриоты бола білуге шақырды.

«Біздің университет баршаларыңызға білім бере алды деген сенімдемін. Әлбетте, айлық, ақшаның маңызы баршылық. Десе де, ең алдымен, қоғамың дамуына үлес қосуға тырыссаңыздар деймін», - деді ол.

Айта кетсек, биыл аталмыш университетті 963 студент аяқтайды. Оның ішінде 565 студент бакалавриат бағдарламасы бойынша, 378 студент магистратура бағдарламасы, 14-і - медицина докторы және 6 студент докторантура бағдарламасы бойынша оқу бітірді.

Соңғы жаңалықтар