Әсет Исекешев мүгедектер үшін қандай жағдай жасап жатыр

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау мәселесі бойынша есеп берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімнің айтуынша, қалада 23 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген. Осы уақытқа дейін мүгедектердің жүріп-тұруына ыңғайлы жағдай жасау мақсатында көптеген сауда және әлеуметтік нысандар паспорттаудан өтті.

«2012-2016 жылдар аралығында 400 нысан, ал 2017 жылы арнайы бағдарлама аясында тағы 705 нысан паспорттаудан өтті. Осылайша, бүгінде мыңнан астам нысанның 70 проценті мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін толығымен жасақталды. Соның ішінде денсаулық сақтау - 35, спорт - 12, мәдениет - 15, білім беру - 71, сондай-ақ, шағын және орта бизнестің 388 нысаны бар. Қалған 164 нысанда тиісті жұмыстар атқарылып жатыр», - деді Ә.Исекешев Астанада өткен кеңесте.

Оның айтуынша, өткен жылы қала бойынша 200 пандус, көшеде көзі нашар көретіндер үшін тактильді плитка, дыбыстық жүйесі бар 1606 құрал-жабдықтар орнатылды. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін сан алуан мәдени-спорттық секциялар ашылды. Инклюзивті білім беру мәселесіне де баса назар аударылып келеді.

Айта кетейік, отырыста «ЕLAMAN» әлеуметтік-инновациялық жобалар қорының төрағасы Алмаз Ержан мүгедектерге жағдай жасаудың кемшін тұстарын атады.

«Пандус, пандус дейміз. Мысалы, дәл қазір мен әкімдікке қалай кірдім? Бұл жерде дені дұрыс пандус та жоқ. Сол үшін әкімдікті неге жауапқа тартпайды? Неге айыппұл салмайды? Неге әкімдікті ешкім тексермейді? «Нұр Отан» партиясының бас кеңсесін алайық, ол жақта мүгедектерге арналған дәретxана жоқ. Ол да дұрыс емес. Заң бойынша мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығы да шектеліп отыр», - деп атап көрсетті ұйым басшысы.

null

Соңғы жаңалықтар