Әсет Исекешев: Мемлекеттік қызметшінің әрбір шешіміне бірден Қылмыстық кодексті қолдану дұрыс емес

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2021 жылдың алты айында атқарған жұмысын қорытындылап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отырысқа Президенттің Көмекшісі – ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Бас прокуратураның және қоғамдық ұйым өкілдері мен алқа мүшелері қатысып жатыр.

Отырыста сөз алған Әсет Исекешев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында берген соңғы тапсырмаларына тоқталды.

«Агенттік жұмысының негізгі жетістігінің бірі халықтың сыбайлас жемқорлыққа белсенді қарсы тұруы және жалпы превенцияның жақсаруы болуы керек. Жалпы алғанда, алдын алу шаралары мемлекетке келетін шығындарды болдырмауы керек. Бұл жерде асыра сілтеуге жол беруге болмайды.

Басқару қателігінен туындаған жемқорлық қылмыстарды азайту міндеті тұр. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы мүдделі мемлекеттік органдарға осы проблеманы шешетін жүйелі тетіктерді пысықтауды тапсырған болатын. Бұл жерде халыққа, парақор, жемқорлар лайықты жазасын арқалайтынын, онымен күрес қатаң әрі ымырасыз, жүйелі жүру керектігін нақты айту қажет. Сонымен бірге мемлекеттік қызметшінің әрбір шешіміне бірден Қылмыстық кодексті қолдану дұрыс емес, әрине» - деді Президенттің көмекшісі.

Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы жемқорлықпен байланысты қылмыстық істер прокурорлық сүзгі арқылы қозғалуы керектігін баса айтты.

«Бұл істе прокурорлық сүзгінің әлеуетін пайдала отырып, қылмыстық процестің 3 буынды моделін енгізуге басымдық берілуі керек. Марат Мұратұлы, сіз осы идеяның бастамашыларының бірі ретінде Бас прокуратурада осы мәселені басқарған едіңіз. Сондықтан осы модельді Агенттік те белсенді пайдаланатынына сенімдімін. Бұл қылмыстық процестегі заңдылықты айтарлықтай күшейтеді», - деді Әсет Исекешев.


Соңғы жаңалықтар