Әсет Исекешев: Астана тұрғындарының саны 3,5 есеге артты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының тұрғындарының саны 3,5 есе өсіп, миллионнан асты. Бұл туралы бүгін елорданың 20 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда шаһар басшысы Әсет Исекешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорда әкімінің айтуынша, Астана 20 жылдың ішінде серіктестік пен сұхбаттың тиімді негіздерін қалыптастырудағы бастамалары арқылы қарқынды дамыды, әлем мойындады. Бұған куә соңғы жылдары қалада өткен бірнеше халықаралық маңызы бар шаралар. Қазақстан үшін Астананы Еуразия кеңістігіндегі инновациялар мен сәулеттің, сауданың, денсаулық қорғау мен білім берудің орталығына айналдыру айрықша маңызды.

«Осы тұрғыда қаланың дамуымен қатар демографиялық үлесінің де рөлі бар. Қала тұрғындарының саны 3,5 есе өсіп, миллионнан асты. Экономика инвестицияларының жылдық шамасы 44 есе ұлғайды. Осы орайда қаланың экономикалық және географиялық тұрғыдан серпінді дамуы елордамызды қазіргі урбанизация мен жоғарғы өмір сапасының үлгісіне, инновация жаңалықтарының орталығына айналдырмақ. Әлемдік саясат және дипломатия орталықтарының жоғарғы стандарттарына бейімделу нәтижесінде Астанаға жаңа, биік міндеттер қойылды», - деді Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев.

Айта кетсек, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасы, ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қоры ұйымдастырған халықаралық конференцияға БҰҰ, ЕО, ЕҚЫҰ, ИЫҰ халықаралық ұйымдарының өкілдері қатысты. 

Дәулет Ізтілеу

 

Соңғы жаңалықтар