Әсет Исекешев Алик Шпекбаевқа Smart Astana қосымшасын пайдалануды үйретті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әкімі Әсет Исекешев пен Денсаулықсатау министрі Елжан Біртанов жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасы Алик Шпекбаевқа ең бірінші болып цифрлық жаңғыртылған №10 емхана жұмысын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Емхананы заманауи үлгіде қайта жасақтаудың нәтижесінде емделушілер үшін арнайы бағыт-бағдар беретін жүйе іске қосылған. Сондай-ақ цифрлы технологияны түсіндіру мақсатында заманауи цифрлық дүңгіршіктермен жабдықталған. Арнайы кеңесшілер оларды қолдануға ынталыларды оқытады да.

Мекеменің 4-ші қабатында Ситуациялық орталық құрылған. Онда клиентке бағдарланған қызмет көрсету приципінде жұмыс жасайтын жаңартылған колл-орталық бар. Сондай-ақ Ситуациялық орталықта емхананың жұмысы туралы онлайн-режимде толық ақпарат беріледі.

«Біздің пациенттеріміз емхананың қабырғаларына ілінген, ешкім оқымайтын ақпараттарға шағым жасаған болатын. Олардың барлығын алып тастап, ақпараттық дүңгіршектерге орналастыру туралы шешім қабылдадық. Дүңгіршекте қажетті ақпараттардың барлығы үш тілде беріледі»,- деді Астана қалалық қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров.

Осы ретте елорда әкімі Әсет Исекешев аталған қызметтерді пайдалануды оқыту қажеттігін атап өтті.

«Бұл технологияларды пайдалануды тұрғындарға үйрету керек. Қарапайым жадынамалар жасап, оны БАҚ арқылы тарату қажет», - деп атап өтті қала басшысы.

Сонымен қатар ол Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа Smart Astana мобильді қосымшасы арқылы медициналық қызметтерді қалай пайдалануға болатынын көрсетті. Өз кезегінде агенттік басшысы цифрлық жаңғыртылған №10 емхананың оң тәжірибесін еліміздің барлық медициналық ұйымдарына таратуға тапсырма берді.

Соңғы жаңалықтар