Әсет Ерғалиев экономикалық өсімді ынталандыру іс-шараларын атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев экономикалық өсімді ынталандыру іс-шараларын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қойылған міндеттерді іске асыру үшін орталық және жергілікті атқарушы органдарға экономикалық өсуді ынталандырудың мынадай іс-шараларына назар аудару ұсынылып отыр. Біріншіден, инфрақұрылымды одан әрі дамыту аясында «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары, «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша белсенді құрылыс жұмыстарының маусымын жедел іске қосу қажет. Екіншіден, іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін қаржыландыру мен сұраныс нарықтарына қолжетімділікті қамтамасыз ету, шағын және орта бизнеске ауыртпалықты төмендету арқылы тікелей әрекет ететін шұғыл шараларды тиімді орындау керек. Аталған шаралар осы жылғы 4 наурызда Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысында қабылданды», - деді 2021 жылдың қаңтар-ақпанындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы жайында баяндаған министр.

Министр үшіншіден, нақты сектор сыртқы қолайсыз жағдайларға тұрақты болып отырғанын, сондай-ақ экономиканың сапалы өсуі үшін жоғарғы әлеуетке ие екендігін атап өтті. Сол себепті, индустрияландыру картасы және агроөнеркәсіп кешеніндегі импортты алмастыру бойынша жобаларды белсенді іске асыру қажеттігіне назар аудартты.

«Төртіншіден, нарықты азық-түлік тауарларымен белсенді толтыруды қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсуіне жол бермеуді ерекше бақылауға алу қажет. Бесіншіден, экономиканы сапалы және тұрақты дамытудың базалық шарты инвестицияларды белсенді тарту және инвесторлармен нақты жұмыс жасау болып саналады», - деді Әсет Ерғалиев.


Соңғы жаңалықтар