Әсем Мәуітқазы үйінде 10 мың түпке жуық қызғалдақ өсіріп отыр - ШҚО
2021 жылғы 7 наурыз 16:26

Әсем Мәуітқазы үйінде 10 мың түпке жуық қызғалдақ өсіріп отыр - ШҚО

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының тұрғыны Әсем Мәуітқазының көшетханасында 10 мың түпке жуық қызғалдақ жайқалып тұр. Сан алуан табиғат-ана еркесі бүгінде бағбанның негізгі күнкөріс көзіне айналған. Ол гүл өсіруге бала күнінен құштар екен. ҚазАқпарат тілшісі Әсем Мәуітқазымен сұхбаттасып, төрт қабырғаның ішін қалай баққа айналдырғаны туралы әңгіме өрбіткен еді.

- Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ.

- Күршім ауданы Күршім ауылында дүниеге келдім. Орта мектепті бітірген соң бірден Алматыдағы педагогикалық колледжге психология мамандығына оқуға түстім. Әр адамның жанына жақын қызығушылығы болады ғой. Менің гүл өсіруші болуыма әкемнің бақшасында жайқала өскен гүл шоқтары себепкер болса керек. Әкем де бау-бақша өсіруді жаны сүйетін өте еңбекқор кісі. Ауылдағы адамның негізгі ермегі сол. Өсімдіктерді арам шөптерден тазартқанда үнемі жанына бізді ертіп алатын. Анам екеуі күні бойы бақшадан шықпайтын. Сол кезде мен осы біздің бақта өскен гүл де, шөп те бақытты шығар деп ойлайтынмын.

Оқу орнын бітіріп келген соң әскери қызметте жұмыс істеп, кейіннен мектепте бастауыш сыныбының мұғалімі болдым. Өзім еңбек еткен мекемелерде гүл өсіруді әдетке айналдырдым. Әрине, бұл еріккеннен емес, жан дүниенің қызығушылығынан болды. Осы кезде бір таңқалғаным, гүлдің нәзіктігі соншалық, оған айналасының ықпалы ерекше екендігін байқадым. Яғни жайма-шуақ ортада жақсы өседі де, күңгірт, салқын жерлерде өсуі баяулайды екен. Өзім жұмыс істеген әскери орында қанша баптасам да жайқалып тұрған гүлді көрмедім. Гүл де адам сияқты, сіздің көңіл-күйіңізге қарай гүл ашады. Сондықтан болар адамдар өзара бір-біріне ықылас білдіргенде гүл сыйлайды. Оны баптап өсірудің машақаты көп. Егу мен баптау екі бөлек дүние. Гүлді егесің, сосын балаң сияқты баптап өсіресің.

- Мамандығыңыз басқа болса да өсімдік әлемінің қыр-сырын жақсы меңгеріпсіз. Жазынан қысы ұзақ шығыс өңірінде құлпыртып гүл өсіру кезкелген жанның қолынан келе бермесі анық. Қазіргі уақытта көшетханаңызда қанша гүл шоғы бар?

- Үйімде 10 мың түпке жуық гүл шоғы бар. Осы гүлдерді жылыжайда емес, өз үйімнің ішінде өсіріп отырмын. Бұл кәсіпке білек сыбана кіріскеніме 4 жылдай уақыт болды. Гүлдерді күнде суарып, арам шөптерден тазартып отырамын. Кейде үлгермеген кезде әкем мен анам қолғабыс тигізеді. Бұл біздің отбасылық кәсібімізге айналды. Күнде үйдің ауасын алмастырып отырамыз. Салқындатқыш құралы жоқ болғандықтан кейде іші қатты ысып кетеді. Қара терге әбден малшынамыз. Бірақ 2-3 айдан кейін қызғалдақтардың гүлдегенін көргенде, шаршағанымды ұмытып, өзімді бақытты сезінемін. Менің ойымша, адам бақытты болу үшін тер төгіп еңбектену керек.

Отбасы мүшелері басымыз қосыла қалса болды бірінші кезекте гүл туралы әңгімелесеміз. Гүл өсіруші бір адамда жақсы гүл болса содан тұқым алуға тырысамыз.

- Гүлдің неше түрін өсіресіз?

- Қазір үйде 10-нан астам гүл түрі өсіп тұр. Кәсібімді біртіндеп кеңейтіп келемін. Болашақта бұдан да көп гүл өсіруді жоспарлап отырмын. Гүлдің тұқымдарын көршілес елдерден алдырамын. Алғаш бастағанда 500 түп қызғалдақ өсірдім. Сөздің шыны керек, ауылды жерде гүлдің саудасы айтарлықтай болмады. Гүл топырақтан ажыраған соң ұзақ тұрмайды ғой. Көбісі бұзылып кетті. Бірақ соған бола бастаған ісімнен бас тартпадым. Керісінше үсті-үстіне еселей бердім.

- «Сауданың жаны жарнама» демекші, гүл сату үшін жарнама жағын қолға алып жатырсыз ба?

- Алғашында өз гүлдерімнің суреттерін әлеуметтік желіге салдым. Сол кезде гүлдеріме кәсіпкерлер қызығушылық танытты. Жергілікті дүкен иелері хабарласып тапсырыс берді. Менің алғашқы саудам осылай басталды.

- Алдағы жоспарларыңыз қалай?

- Биыл гүлдің санын тағы еселеуді жоспарлап отырмын. Алдағы уақытта гүлдер фестивалін өткізсем деген үлкен жоспарым бар. Әрине оның бәрі уақыт еншісінде, екіншіден қаржылық жағдайға байланысты. Қосымша тағы бірнеше гүлдің тұқымына тапсырыс беріп қойдым. Гүл өсіргенде ең алдымен тұқымына баса назар аударған жөн.

- Мереке күндері тапсырыс көбейетін шығар?

- Әлбетте, сұраныс көбейе түседі. Хабарласып, гүл алып жататындар аз емес. Бірде жергілікті әкімдік аудан орталығын абаттандыру кезінде менің гүлдеріме қызығушылық танытты. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» демекші, тек гүл өсірумен ғана емес, Алтайдың аршасы мен шыршасын өсіруді де қолға алып жатырмын. 70-80 түп арша мен шырша өсірдік. 2019 жылы Түркістан қаласынан өсімтал ағаштар алдырдық. Бастабында сынақ ретінде өсіріп көрдік. Қойтас ауылына да ектік. Ойлағанымыздай жақсы өсті.

- Әңгімеңізге көп рақмет!


Jańalyqtar

MURAǴAT