Әсел Айтпаеваның өлімі: Қазақстан Грузияға тергеу тобын жібереді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Грузияда отандасымыздың өліміне байланысты жедел тергеу тобын жібереді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Таяу уақытта халықаралық келісімдерге сәйкес, ҚР Бас прокуратурасы мен Сыртқы істер министрлігінің үйлестіруімен Ішкі істер министрлігі Грузияға жедел тергеу тобын жібереді. Оның міндеті - орын алған қайғылы жайттың барлық мән-жайын зерделеу және грузин тарапымен сотқа дейінгі тергеу материалдары бойынша ақпарат алмасу», - деді Нұрділдә Ораз Ішкі істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихаты барысында.

Оның атап өтуінше, Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті Грузияда қайтыс болған Қазақстан азаматшасы Ә.Айтпаеваның ата-анасының шағымымен азмат М.Мейірбековке қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 128-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

«Күдікті ұсталып, Нұр-Сұлтан қалалық ПД уақытша оқшаулағышына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр», - деді ол.

Еске сала кетейік, 26 жастағы Әсел Айтпаеваның денесі 5 мамыр күні Тбилиси қаласындағы бір үйдің терезесінің астынан табылған еді. Ол 9-қабаттан құлап мерт болған.

Кейіннен Грузия прокуратурасы қазақстандық қызды зорлау және өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу ісі бойынша айыптау шығарды.

16 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінен мәлім еткендей, бойжеткеннің ата-анасының арызы бойынша оның туысы М.Мейірбеков ұсталып, оған қатысты Қылмыстық кодекстің 128-бабымен (адам саудасы) сотқа дейінгі тергеу басталды.


Соңғы жаңалықтар