Асай Рәмішұлы: Исі қазақ үшін баға жетпес құндылық

None
None
БАЯН-ӨЛГИЙ. ҚазАқпарат – Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл! Бұл күннің қастерлі болатыны – оның оңай келмейтінінде, оған барар жолдың бабалар арманымен ұласатынында. Бұны кеудеде жаны бар әр қазақ біледі. Тәуелсіздіктің әлемдегі қайсыбір ұлттар үшін ұлы арман деңгейінде қалып отырғаны да соған дәлел. Ал осы қазақтың азаттығына ең бірінші қуанған - сонау тар заманда тарыдай шашылып, шетел асқан қандастар болса керек. Жырақта жүрген қазағымыздың қазіргі тілегі де, соғар жүрегі де – Қазақстан екеніне дау жоқ. Осы қастерлі Тәуелсіздік күні қарсаңында Моңғолия елінде тұратын қандасымыз - Моңғолияға еңбек сіңірген қайраткер, дәрігер, доктор, профессор АСАЙ Рәмішұлының мақаласын ұсынғанды жөн санадық.

* * *

Аспандағы Күн адамзат баласына, күллі тіршілік иелеріне қаншалықты қажетті болса, Қазақстан Республикасындағы, мейлі шетелдердегі болса да иісі қазақ баласы үшін осы елдің мемлекеттік Тәуелсіздігі ең басты, баға жетпес құндылық. Тәуелсіздік аспаннан кездейсоқ түсе қалған тегін олжа емес, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы Құдайдан жалбарына тілеп мың өліп, мың тіріліп жүріп ауыр азаппен, қанмен, термен тапқан қазынамыз, көздің қарашығындай аялап сақтауға тиіс асылымыз.

Шетелдегі (Моңғолиядағы) қазақтардың қайдан келіп мұнда қалып қойғанын қарапайым моңғол адамдары бұрын толық біле бермейтін. Білдім дегенде Қытайдағы қазақтардың бөлігі, көне түркілерден қалған бір жұрнақ, я болмаса казак-орыстың бір бөлігі шығар деп пайымдайтын. Бірақ салт-дәстүрі, көшпенді мал шаруашылықты кәсібі, тілі өздеріне жақын болғандықтан жатсынбайтын. Дейтұрғанмен кейбір зиялылары Қазақстандағы қазақ халқының бөлігі екендігімізді біле келе «Біздің Моңғол елі жан саны қаншама шағын болса да Манж-қытайдың екі ғасыр отарлаған бұғауының тас-талқанын шығарып, 1911 жылы тәуелсіздігін жеңіп алған, Біріккен Ұлттар ұйымының толық құқылы мүшесі дербес мемлекетпіз. Қаншама жылдар бойы орыстың айтқанына көніп, айдағанына жүріп, солардың жыртысын жыртып құл болып келе жатқан неткен жігерсіз, жүрексіз халықсыңдар» деген сыңай танытып намысымызға тиетін. Қайтарар жауап жоқ, қорланатынбыз. Ойланатынбыз.

Қазаққа сын жоқ, расында жігері мұқалған халық едік: қырмандай қырған жоңғар шапқыншылығы, манж басқыншылығы, ақ орыстың отары, оның ізін жалғастырған кеңестік қызылдың қатал тәртібіне қарсы күрескен жаужүрек бабалар жойылып, «Одақ», «Интернационализм» дейтіндердің желеуімен қуғын-сүргінге ұшыраған, естияр ерлері соғыста қырылып, ұяда жетім қалған сары ауыз, ақүрпек балапандардай рухтан айырылған, мекен жерін кірмелер басып алып, өзге ұлттардың мүддесін аяқ асты етіп, «дүниенің кілті» атанған бір ғана орыс тіліне бағындырып, оның «социалистік, советтік өмір салтын» күшпен таңып бағындырған халықтың жігері мұқалмай да қайда барып күн көреді.

«Кеңес одағы, компартия қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын коммунизм дейтін қоғамға бастап бара жатыр, бүгінде оның кемелденген социализм дейтін ақырғы биік кезеңіне жетіп те қойды емес пе?! Енді бір қадам аттаса бітті, байлыққа белшеден батып жатады екен. Бәлки сол одақтың ізін қуа, оның көмегімен тарихта қызыл төңкерісті екінші рет жасаған Моңғолия да кешікпей сол қоғамға жетіп қалар, көсегеміз көгерер» деген түсінікте болдық. Пай шіркін, лениндік идеяның астында, ұлы одақтың құрамында болып аспа-төк дүниеге кенеліп отырған Қазақ ССР-індегі қазақтарда не арман бар, олар үшін одақ дейтін отаннан, орыс дейтін тілден өзгенің қажеті де болмас деп пайымдайтынбыз.

Сол кездегі баршамызға ортақ идеология да солай болды, Кеңес одағына, Қазақстанға барып оқып, саяхаттап, өкіл ретінде сапарлап келген бірер-жарым адамдарымыз көлеңкелі жағын ләм деп тіс жарып айта алмайды, кіл көпірте мақтап келеді. Дүниежүзінің басқа елдеріне баруға мүмкіндігі шектеулі, «көкжиектен ары ел жоқ» деп білетін, аз мерзімде сый-құрметке бөленіп қайтатын олардың солай айтып насихаттамасына да лаж жоқ еді. «Социалистік Қазақстан» қатарлы газет, жұрналдар 1960 жылдардан бастап бізге көп келе бастады. Олардан да «қарышты қадам», «алып адымнан» басқа бөтен сөз таппаймыз, коммунистік идеяға адал күрескерлердің сом бейнелерін көреміз.

Дегенмен кейбір көркем туындылар «коммунизм елінің» шын сыр-сыпаты әнтек біздің ойлағанымыздай емес екендігінен сыр бере бастады. Айталық, Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түн» әңгімесі коммунизм елі Кеңес одағында қала мен ауыл тірлігі бірдей бола қоймағанын, адамға деген қамқорлық мәселесі айдалада қалғанын әшкере етсе, Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романы қазақ өзінің жерінде өз адамының мүрдесін өз ата-бабаларының зиратына қосып жерлей алмайтын күйге жеткенін көрсетіп берді.

Олардан да кереметі, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын Кеңес Одағы бұзақылардың, жуликтердің әрекеті деп жариялап еді, алайда мәселенің себебі жүликтерден емес, қансорғыш сүліктердің әрекетінен болғанын өмір өзі дәлелдеп берді. Қалай болғанмен де сол оқиға социалистік лагерьдің зәресін ұшырумен тынбай шаңырағын шайқалтты. Біршама елдердің баспасөз, ақпарат құралдары «Алматы бұзықтары» туралы жариялап, жарнамалап жатқанда, бекерде дүниенің дүбірінен бір де бірін қалдырмай хабарлап отыратын Моңғолияның партиясы мен үкіметінің орталық органы «Үнэн» (Шын) газеті үнсіз қалып байсалдылық танытқанына біздер разы болдық, қазақты «бұзық» атандырмағанына, разы болып қана қоймай «Қазақстанда ұлттық рухы, намысы бар адамдар, бойында ата-бабалардың қаны қайнаған қаһарман ұрпақ бар екеніне қуандық. Жоқ, ондағы қандастарымыз ұлтсызданып азбапты, аталар арманы, біздің үмітіміз үзілмепті, олар егеменді ел болғысы келеді екен, жетеді мұратына!» деген ұғыммен біздер де рухтана бастадық.

Жерлес моңғол көршілеріміз де қуана құптады. Шын мәнінде ол бұзақылық, тәртіпсіздік емес, әділет жолындағы, ұлттық тәуелсіздік жолындағы батыл қадам, хан Кене күресінің жалғасы, жалынды жаңа күрестің бастамасы екен, дүние дүр сілкінді. Іштей тынумен келген ұлттық рухы биік, ақыл-парасатты, жанпида тұлғаларды көрнекті де айбынды саяси күрескер ретінде тарих толқыны сахнаға шығарып келді. Оларды күллі қазақтар, қазақстандықтар қолтығынан көтеріп, қолдап қоршады, қолдаса құлшынды. Солардың арқасында Қазақстан Республикасы – Қазақ елі басқа мемлекеттермен терезесі тең азат, тәуелсіз мемлекет болып дүниеге қайта келді. Олар Қазақстанды мейлінше қысқа мерзімде өскелең өркениетке жеткізді.

Біздің қазақта «тау тауға қосылмайды, ел елге қосылады» деген даналық айта салды сөз ретінде ғана қолданылып келген еді. 1940 жылдарға дейін Шыңжаңнан, Шыңжаң арқылы Қазақстаннан адамдар біртіндеп, кейде ауылымен Моңғолияға келіп қоныстанған. Ал Моңғолия қазақтары осы елге 1800 жылдарда топ-тобымен келіп біржолата қоныстанғаннан кейін Шыңжаңға үркін-қорқынмен бірнеше дүркін үдере көшкенімен қайта келіп қоныстанғандықтан Моңғолия үкіметі мұндағы қазақтар Қазақстанға бара алмайды, шекара берік дегенге бекем сеніп, Шыңжаңға өтуі ықтимал деп сақсынумен келген. Мұндағы қазақтар да Қазақстанға көшу түгіл барып қайтудың өзін ертегіге балап, «елге қосылудан» үмітін үзген.

Моңғолия қазақтарының бірегей тұлғаларының бірі, Баян-Өлгийде айпарткомның бірінші хатшысы болған профессор Құрметбек Байтазаұлының ойына да қазақтың Қазақстанға барып түбеселі қоныстану мәселесі енбеген болуы керек. Бірақ осы аймақтың ең көкейтесті мәселесіне айналған жұмыссыздық ол кісінің арқасына аяздай батқаны анық. Сондықтан осы мәселені шешудің ең тиімді жолы шетелге, соның ішінде Қазақстанға еңбек шартымен жұмыссыздарды шығару мәселесін 1980 жылдардың соңғы жартысынан бастап тұңғыш рет ойлап тауып бастама көтеріп, Моңғолия үкіметіне, Орталық комитетке, Еңбек министрлігіне дүркін-дүркін пікір ұсынып, Н.Ә.Назарбаевқа екі дүркін хат жолдай келе өкілдер жіберіп басқа арнамен де жалғасу арқылы ақыр соңында аймақ қызметкері Барбол Қызылұлы мен Акрас Кәденұлын жұмсап 1991 жылы наурыз айында Өлгий-Ұлан-Батыр-Наушк-Новосибирск-Барнаул арқылы жұмыссыз жүрген еңбек күші 100 азаматты Семейдің ет комбинатына жеткізгендігі ұлы көштің басталуындағы дүрмектің бірі болған екен.

Айтса айтқандай, Қазақстан тәуелсіздікке ие болып, Елбасының «Ағайынға ақ тілек» хаты әлемді шарлап, іргелі елге, тарихи отанға шақырғандығы арқылы ел-елге қосылу аңыз емес, ақиқатқа айналды. Батыс жақтан Өлгийге дамылсыз ұшақтар, автокөліктер дүркін-дүркін келіп жатты. Қазақтар дүрлігіп дерлік түп қопарыла көшті. Ұлтым деп соққан жүректер болды, ақтылы қой, алалы жылқы, қора-қопсы, баспаналарын, тәж бен тағын тастай көшті. «Жұмыс орнын тауып тұрмысымызды оңалтайық, баламызды ақы-төлемсіз тегін оқытайық» дегендер көбірек кетті. Оларды еру елдегі қандастарымыз құшақ жайып қуана қарсы алып разы етіп жатты. Тіршілік қамымен үлгермегендері «ағайыннан бөліп бізді тастап кетпес, көлік келер» деп асықпай ақырын күтті. «Коммунизм еліне барып тегін байлыққа күп ете түсеміз» деп барғандар да болды, олар квота-жәрдемді алған соң меселесі қайтып кері көшіп кетіп те жатты. Бірте бірте біраз уақыт өткен соң ол жақта да экономикалық тапшылық пайда болды, көші-қон барысында барушыларды сарсаңға салатын керенаулық, жемқорлық та қосарланды, т.б. себеп-салдармен көш баяулады.

Моңғол мемлекеті, халқы өзге қайсыбір елде тұрып өгейлік көрген қандастарымыздай емес, тағдырдың ащы, тәттісін моңғол халқымен бірдей көрген қазақ қауымының көшкеніне олар сенер-сенбесін білмей нараулап, көздеріне жас алғандары да болды. Мемлекет дәулетімен 10-20 жыл оқыған аса маңызды мамандық иелерінің кетуіне де тосқауыл жасамады. Бұған 1993 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Моңғолияға сапарлап барғанда Президент П.Очирбатпен кездесуі шешуші ықпал етті. Көшкен ел кеден салығын төлемей, жекелік мүліктерін тиеп, қора-қора малдарын да айдап кетіп жатты. Жерсінбей, туған жерге қайта оралғандарды Моңғолияның азаматтығына қайта қабылдап, қамқорлық жәрдемін де аямай берді. Есесіне қазақ жері, қазақ мемлекетінде қазақ баласының ойсырап кеткен пайызы артты, ұлттық руханиятты жаңғыртуға да олар елеулі үлес қосты

«Елі қоныс ауғанда еркекте ес қала ма, кісіден сауын сауғанда әйелде ес қала ма» дегендей бірнеше ғасыр бойы барыс-келіс тиылып, жат болып кетуге шақ қалған қандастарына сағына қауышса да байырғы отанына оралғандар азаматтыққа қабылданудан, ата қоныстан аяқтай жер алудан тартып орнығып қоныс тепкенше біраз ауыртпалық арқалағанымен мемлекеттің қамқорлығы, отырықты ағайындардың жанашыр бауырмалдығы арқасында үйренісіп, еңселерін көтеріп келеді. Жайлы баспаналарға орналасты, еңбекке қамтылды, балаларын оқытты, байырғы тұрғындарға айналды. Көшіп барған алпыс мыңнан астам жан саны 120 мыңнан асып кетті. Әсірсе бір тұйықта бүтін жарты ғасыр өмір жасаған азғана қазақ қауымының зәру мәселесінің біріне айналған қан жақындасушылықтан құтылудың оңтайлы жолын тапты. Сондай-ақ «Біздің қазақтың моңғолдан шықпақтығы бізге ұят емес, бірақ біздің білімсіз, ғылымсыз қалмақтығымыз ұят» деп ұлы бабамыз Абай айтқандай ол қандастарымыз қайсыбір «орыс» атанған ағайындарымыздың «моңғол» дегеніне шамданбай-ақ, тек «қалмақтық» әрекетке барып ат ататып, сүйек сындырмай нағыз қазақтық қасиетімен Қазақ еліне қызмет етсе екен дейміз.

Моңғолиядағы қазақ диаспорасы осы елді құтты мекенім, азаматтық қарастылығым бар отаным деп көрумен қатар Қазақстанды ата-мекен, іргелі ел, ұрпағымның мәңгілік алтын бесігі, тарихи отаным деп санайды, Қазақстандай егеменді елі бар екендігіне арқаланады, мақтаныш тұтып, мәртебе-мерейі үстем болуын және түпкі тегі бір осы екі елдің ынтымағы арта беруін тілейді.

Моңғолияда, соның ішіде Баян-Өлгийде 1990 жылдан басталған әлеуметтік, экономикалық дағдарыс, әсіресе азық-түлік тапшылығына байланысты Қазақстан мемлекеті қыруар көмек көрсеткенін, Өлгийде бірер жылдың алдында болған сел апатында да үкімет басшысы өзі келіп жәрдемдескенін ешуақытта ұмытпайды. Моңғолиядағы Елшілік, Әлемдік қазақтар қауымдастығы арқылы аймағымыздағы ұлттық театр, кітапхана, телеарна, мектептерге, Моңғолиядағы қазақ мәдени орталығына жан-жақты қол ұшын берумен келеді. Баян-Өлгий қазір астықтың біраз бөлігін, жанармайды Қазақстаннан тасымалдап алып, елдің батыс аймақтарына да үлестіруде.

Қазақ елі тәуелсіздігін алысымен Президент Н.Ә.Назарбаевтың Моңғолияға сапарлауы, Моңғолияның Президенті Н.Багабанди, Н.Энхбаяр, У.Хүрэлсүхтердің, аймақ әкімі болып тұрған К.Мизамхан, Қ.Бәделхандардың Қазақстанға сапары, Қазақстанның Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшілері Қалыбек Қобыландин мен Жалғас Әділбаевтың дәйекті іс-қызметі екі елдің бауырластығын бекемдей түсті.

Бірер жылдан бері дүние жүзінде болжаусыз кедергілер тап болып ауыртпалықтар ілгері басқан қадамды кейін тартқанымен де Қазақ елі мәртебелі мұрат, биік мақсаттарды алға қойып дамыс керуенін кідіртпей алға тартып келеді. Салиқалы көште төрт құбыла тең бола бермейді, сан түйенің бірі сүрінеді, бірінің жүгі ауады. Жолай ұшырасқан азды-көпті кембағалықтарды көлденең тартып өкпе-реніш туындатып, мінеп-сынағанша қисайғанды түзеп, жыртылғанды жамауға әркім өзі аянбай ат салысып, жұдырықтай жұмылған береке-бірлікпен қимылдаса түтін түзу ұшады,бейнеттің зейнеті келеді.

Атамекеннен жырақта жүрсе де шетелдегі қазақ баласы Қазақ елінің тәуелсіздігіне, егемендігіне нұқсан келмей шаңырағы биіктеп, іргесі беки беруін Бір Алладан тілейді.

Аспандағы күн сөнсе бұл дүниедегі тіршілік атаулы құриды. Біздер мемлекеттік тәуелсіздіктен айырылсақ туымыз қисаяды, қазақтың күні келмеске кетеді. Тәуелсіздік баянды болсын!



Соңғы жаңалықтар