«Асарлатып үй салу» жобасы: 4 отбасы баспаналы болды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысындағы «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Бірлесу-Еңбек, Аса, Құмтиын, Бесағаш ауылдарында төрт отбасы жаңа үйлерге қоныстанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтсақ, Жамбыл ауданы Аса ауылындағы Маржан Жайшыбекованың отбасына жаңа 7 бөлмелі үйдің кілті табысталды. Төрт бала тәрбиелеп отырған ана қуаныштан көз жасына ерік берді. Ол жанашыр жерлестеріне алғыс айтып, әрбір үйде мереке бола беруін тіледі.

Бірлесу-Еңбек ауылында тұратын Дәурен Сейділдаевтың да үйі ескіріп, тозығы жеткен болатын. Оны жөндеуіне мүмкіндігі болмаған. Осыған алаңдаушылық танытқан ауыл тұрғындары жергілікті әкімдіктің қолдауымен үй салып берді. Асарлатып салынған бес бөлмелі жаңа үй бірнеше айдың ішінде-ақ бой көтеріп үлгерген. Сондай-ақ, жанашыр адамдар қажетті жиһаз бен азық-түлік сатып алып беруге қол ұшын созған. Дәурен жұбайы Зурахан екеуі 5 бала тәрбиелеп отыр.

«Осы жобаның арқасында ұмытылып бара жатқан дәстүріміз қайта жаңғыруда», - деді аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралұлы.

Ал, Бесағаш ауылында жаңа үйдің кілті көп балалы ана Патима Момуоваға табысталды.

«Бүгін менің көптен күткен арманым орындалды. Енді біздің өз баспанамыз бар. Бұған үлес қосқан баршаңызға үлкен алғысымды білдіремін», - деді көпбалалы ана.

Құмтиын ауылының тұрғыны Талғат Сырғабаев та баспаналы болды. Енді оның отбасы 6 бөлмелі үйде тұратын болады.

Айта кетейік, «Асарлатып үй салу» жобасы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылуда. Оның аясында ауылдастары бірлесіп мұқтаж және көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге асарлатып үй салып беруде. Мұқтаж отбасылар жергілікті ақсақалдар кеңесімен анықталады. Биылғы жылы «Асар» бастамасы аясында облыс бойынша 117 үй бой көтеру жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар