Асанов Сот төрелігі академиясына түсушілерге: Комиссия жұмысының әділдігіне кепілдік беремін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов заңгерлер қауымына үндеу жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Судья - абыройлы лауазым. Кез-келген заңгердің ең биік шыңы. Бұл жай ғана қабілет емес, сонымен қатар айрықша бедел, әрбір шешім үшін жауаптылықты, әділеттілік пен заңдылықты жоғары  деңгейде сезіне білу. Ойшылдар судьяны «сөйлейтін заң» деп жайдан-жай айтпаса керек. Біздің қоғамда судьялар - билер соты дәстүрін жалғастырушылар. Олар ар-ожданның, әділдіктің, шешендік өнердің, терең білім мен басқа да қасиеттердің эталонына айналды. Ұлы даланың мызғымас абыройы мен сеніміне ие болды. Қазақ хандығының өркендеу дәуірі Әйтеке, Қазыбек және Төле билердің есімдерімен байланысты болуы тегіннен-тегін емес», - дейді Асанов өз үндеуінде.

Оның айтуынша, бүгін де Мемлекет басшысының тапсырмасымен республикада сот жүйесін жаңғырту жүргізілуде. Оның ең маңызды міндеттерінің бірі - судьяларды іріктеу жүйесін жолға қою. Судьялық қызметке ең лайықтылар мен дайындығы мықты үміткерлер ғана келуі тиіс. Ол үшін күрделі, ең бастысы, ашық конкурс қажет. Жоғарғы Соттың бірінші басым бағдарламасының «МІНСІЗ СУДЬЯ» деп аталуы да сондықтан.

«Біз судьяларды іріктеу мен олардың карьералық өсу жүйесін жетілдірудің кешенді шараларын пысықтаудамыз. Бұл жұмыс Жоғары Сот Кеңесімен бірге жүргізілуде. Осы орайда сот біліміне ерекше назар аударылып отыр.  Бұл - сот билігін жақсарту мен жаңа заманғы судьяларды даярлаудың шешуші факторы. Осы міндетті Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясы толығымен орындап келеді. Академия шетелдік озық тәжірибе негізінде құрылған. Бүгінгі күні ол - оқыту бағдарламасы сот жүйесінің нақты сұраныстарын ескеретін еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны», - дейді Жоғарғы сот төрағасы.

Сот төрелігі академиясының түлектері басқаларға қарағанда бірқатар артықшылықтарға ие. Оның себебін Жақып Асанов былайша атап өтеді.

«Біріншісі. Болашақ судьяларды Жоғарғы Соттың судьялары мен жетекші сарапшылар оқытады. Оқу барысында судьялардың күнделікті жұмысындағы мысалдар кеңінен қолданылады. Шетелдік, соның ішінде үздік құқық мектептеріндегі тәжірибеге ерекше назар аударылады. Екіншісі - практикалық машық: оқыту мерзімінің 60%-ы сот органдарында тәжірибеден өтуге арналған. Үшіншісі - шыншылдық, адалдық, бейтараптылық сияқты жеке қасиеттерді дамыту. Өзін-өзі жетілдіре білу. Тұлғалық даму бойынша үздік бағдарламаларды қолдану. Академияда бұған аса мән беріледі», - дейді ол.

Үндеуде айтылғандай, іріктеу сапасын арттыру мақсатында магистранттарды қабылдау тәртібі өзгертілген.

«Емтиханның бірі - құқық салалары бойынша нақты кейстерді шешу. Бұдан кейін эссе жазылады. Үміткер өзі жайлы, өзінің еңбек жолы және не үшін Академия магистранты болғысы келетіні туралы әңгімелеп беруі тиіс. Қажетті ұпай жинаған әрбір үміткердің кәсіби қасиеттерін анықтау үшін өзім және Жоғары Соттың басқа да өкілдері олармен әңгімелесу өткіземіз. Академияны қаржыландыру ережесіне сәйкес үміткерлер мемлекеттік қызметші болуы тиіс екендігін бірден атап өткім келеді. Оқу кезінде олардың еңбек өтілі мен жалақысы сақталады. Сонымен қатар судьялыққа үміткерлердің заңгерлік жұмыс өтіліне қатысты қойылатын заң талаптары бар», - дейді Жоғарғы сот төрағасы.

Асанов жігерлі, алдына мақсат қоя білетін және өз өмірін заң мен қоғамға қызмет етуге арнайтын адамдарды Сот төрелігі академиясының магистратурасына шақырды. Бұл оқу орнында судья болу үшін ниет білдірушілер қажетті білім мен қабілетке ие болады.

«Қабылдау барынша объективті түрде өтеді. Мен комиссияның жұмысы ашық, әділ болатынына кепілдік беремін. Академияға ең лайықтылар ғана түседі. Біз Қазақстанның соттарында үздіктердің үздігі жұмыс жасағанын қалаймыз! Солардың бірі болыңыз! Еліміздің дамуына өз үлесіңізді қосыңыз! Сізді күтеміз!», - дейді Жақып Асанов.

Соңғы жаңалықтар