Асанәлі Әшімұлы: Ұрпақты тұлға арқылы тәрбиелеу - тәрбиенің ең жоғары сатысы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы, Ұлт Көшбасшысы соңғы жылдары бірнеше мәрте ұлт құндылықтарын, ел тарихын терең бағамдайтын арнайы мақалалар жазды. Қай мақаласында да объектіге терең, жан-жақты қарауды мақсат етеді, деп жазады «Алматы ақшамы» газеті.

 Өз халқының ұлылығын, даралығын көрсетуде айқын дерек пен дәйекке негізделген бұл туындылардың қай-қайсысы да айрықша ден қойғызады. Осы тұрғыдан келгенде, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ұлт рухын шырқау биікке көтеруімен ерекшеленеді.

Егер сәл шегініс жасап, төл тарихымызға үңілетін болсақ, оның ақтаңдақтары мен қаратаңдақтары туралы тоқтаусыз сөйлеуге тура келеді. Әуелден қалған «тарихты жеңген халық жазады» деген жаны сірі сөз бар. Ол қалай, қандай жолмен келді мәселе онда емес, бірақ тарихты солардың жазғаны рас. Біз күні кешеге дейін сол бұрмаланған тарихты оқып келдік. Мыңдаған жылдарға созылатын тарихымызды соңғы 70-100 жылға сыйғызып, мектеп оқулықтарына енгізгенін де ұмытқан жоқпыз. Басқасын былай қойғанда, кеше мыңжылдығын тойлаған Алматының тарихын бергі патша салған Верный бекінісінен бастап келгені бәрімізге мәлім ғой. Демек, Қадыр ақын айтпақшы, «біздің тарих олдағы қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақтағы» деуге тура келеді. «Жеті атасын білмейтін ер жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмейтін ел жетесіз» деген көнеден қалған сөз бар. Ал енді мына еңбек «соның орнын толтыр, тарихқа кеткен есеңді қайтар, өзіңді-өзің таны» деп отырған жоқ па?! Ендігі жерде осы ұлы мүмкіндікті пайдалану керек. Бұл ретте тарихшыларымызға жүктелер міндет зор.

Әлгінде Елбасының осы бағытта бірнеше іргелі еңбектер жазғанын айттым ғой. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы осы туындының хабаршысындай болған екен. Ол еңбегінде Елбасы жалпы тарихқа, руханиятқа көзқарасын ықшамдап білдірсе, мына еңбегінде тақырыпқа кең масштабта келіп, нақты деректерге тоқталады, нақты нәрселерге үңілдіреді.

Еңбектегі жеті қырдың бірі, ең басты 1-тарауы етіп «Атқа міну мәдениетінен» бастауы тегін дейсіз бе?

«Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі.

...Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты.

Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды.

Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі - батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі.

Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр - жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі.

...Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты. Бұл жаңалық салт атты адамның ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сонымен бірге шауып бара жатып, қолындағы қаруын еш қиындықсыз және неғұрлым тиімді қолдануына мүмкіндік берді», - дейді Елбасы мақаласының беташар тарауында.

Демек, Сенадан ат суарған, Еуразияның апайтөс даласын ат тұяғының дүбірімен саз балшықтай илеген бабаларымыздың ат үстіндегі тарихын зерттеу арқылы көп қазынаға кезігетініміз хақ. Әлі күнге дейін қазақ атқа мінсе неге рухтанып кетеді?! Сондықтан бұл тақырыпты індетіп зерттесек, оның талай сырына қанығарымыз сөзсіз.

Бәріміз де атқа мініп өскен ауыл балаларымыз ғой. Кезінде бірнеше фильмдерге түскенде осы ат менің қанатым, шабытымның қозғаушы күші болды. Егер мен сомдаған рөлдер ел көңілінен шығып жатқан болса, бұл ретте аттың атқарған рөліне маңыз жетпейді. Алайда, біздің кешегі ұлы рухты көшпенділердің ұрпағының бүгінде соншалықты төмендегеніміз сол, атқа қай жағынан мінуді білмейтін деңгейге жеттік қой.

«Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады.

Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр.

Ұлы дала Әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді.

Сондықтан біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек» делінген мақаланың екінші тарауында.

Бүгінде жиі айтатынымыздай, тарихты тобыр емес, тұлға жасайды. Сондықтан бүгінгі ұрпақты тұлға арқылы тәрбиелеу - бұл тәрбиенің ең жоғары сатысының бірі деп қарау керек.

Асанәлі ӘШІМҰЛЫ,

Қазақстанның Еңбек Ері, Халық әртісі,

Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты

Соңғы жаңалықтар