Асанәлі Әшімов әулиеаталық жерлестерімен кездесті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінде әулиеаталық теміржолшылармен кездесті.,- деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, актер басты рөлде ойнаған әйгілі «Транссібір экспресі» фильмі 1976 жылы Жамбыл жерінде түсірілген. Тарихи фильмнің түсірілімі Жаңатас және Қаратау стансалары аралығындағы болат жолда жүрді.

Асанәлі Әшімов әуелі ғимаратқа кіре берістегі арнайы өзіне арналған бұрыштың тұсауын кесті. Аталмыш бұрыштың жоғары жағына «Асанәлі Әшімов. Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор, аңыз адам» деп жазылған. Мұнда актердің өзі жазған және ол туралы жазылған кітаптар көрмесі қойылған. Және келешекте актер түскен тарихи фильмдерден суреттер де жинақталады. Бұдан кейін бөлімшеде жаңадан ашылған музейді аралап көрген құрметті қонақ мәжіліс залында теміржолшылармен жүздесті.

Еркін форматта өткен басқосуды ашқан Жамбыл ЖТ бөлімшесінің директоры Берік Сағымбекұлы әулиеаталықтар даңқты жерлесін мақтан тұтатынын, ал теміржолшылар үшін атақты актер басты рөлін сомдаған «Транссібір экспресі» фильмінің Жамбыл темір жолының бойында түсірілгені - үлкен мәртебе екенін жеткізді. Ал кәсіподақ ұйымының төрағасы Жұман Сәменов он бір мыңға жуық жамбылдық теміржолшылар атынан актердің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

null

«Темір жол саласы - ел экономикасын өрге сүйреуші күш, үлкен сала. Әрине, техникалық сауат керек. Бірақ, әдебиет пен өнер деген рухани дүниеңізді байытатын құндылықтарды ұмытпаған абзал. Ал менің өмір тарихым баршаңызға аян. Рас, 1976 жылы «Транссібір экспресі» фильмінің тоқсан пайызы Қаратау мен Жаңатас аралығында түсірілді. Таңдаудың мұнда түсуі де Сарысу мен Талас аудандары табиғатының ерекшелігінен болар. Иә, ол кезде екі шағын қаланың арасында тынымсыз ағылып жатқан пойыз аз болатын. Қаратаудан таңертең шықсақ, кино түсіретін алаңға түсте жететінбіз. Кешке дейін фильмді түсіріп, түнделетіп қайтатынбыз. Қаратау да, Жаңатас та тікелей Мәскеудің қанатының астында болды ғой. Оның үстіне кино өнерінің нағыз майталмандары да менімен бірге фильмге түсті. Теміржолшылардың әдебиет пен өнерге деген құштарлығы мені қуантып отыр, бұл кездесуге дән ризамын», - деді актер.

Кеш барысында танымал актер теміржолшылардың сауалдарына жауап берді.

Соңғы жаңалықтар