«Асан» Ташкенттен жүлдемен оралды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Асан» фильмі Ташкентте өткен Халықаралық PROlogue кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі киностудияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталмыш фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Режиссері - Берік Жаханов.

«Асан» фильмі фестивальдің қысқаметражды фильмдерге арналған конкурстық бағдарламасы шеңберінде көрсетілді. Кинотуынды әкесін ақтық сапарға шығарып салуға жолға шыққан бозбала туралы баяндайды.

«Мен өте қуаныштымын. Маған сеніп, қолдау білдіргендері үшін «Қазақфильм» киностудиясының басшылығына алғысымды айтамын. Бұл жүлде, мен үшін, үлкен мотивация», - деді марапаттау салтанатында жас режиссер Берік Жаханов.

Жалпы фестивальге қатысуға 60 елден 280-нен астам өтінім келіп түскен. Нәтижесінде, конкурстық бағдарламаға 13 елден келген (АҚШ, Польша, Франция, Түркия, Қазақстан, Қырғызстан және т.б.) 31 кинотуынды іріктеп алынды. 

Халықаралық қысқаметражды фильмдер конкурсының қазылар алқасын танымал өзбек режиссері Аюб Шахобиддинов басқарды. Бұл қазылар алқасының құрамына продюсер Фабио Канепа (Италия), актер Филипп Рейнхардт (Швейцария), қоюшы оператор Макс Тцуи (Германия), киносыншы Гульбара Толомушова (Кыргызстан) кірді.

Айта кетсек, халықаралық толықметражды фильмдер байкауында қазылар алқасының құрамына отандық танымал режиссер Рүстем Әбдірашев те кірді.  IV Халықаралық PROlogue кинофестивалі Өзбекстанның жастар одағы және «Өзбеккино» ұлттық агенттігі, Ташкент қаласы әкімдігі, Кинематорграфия даму орталығы, Өзбекстанның ұлттық кинокомиссиясының ұйымдастыруымен өтті.  

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін «Асан» фильмі 9-шы Халықаралық Start film festival кинофестивалінде де қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болған еді.

 

Соңғы жаңалықтар