Аса қатерлі әрі жұқпалы дертке адамзат болып қарсы тұруымыз қажет - Ерсұлтан Бектұрғанов, Мәжіліс депутаты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда аса қатерлі де жұқпалы дерт - коронавирусқа қарсы шаралар жасалып жатқаны белгілі. Осыған орай Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Ерсұлтан Бектұрғанов ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

Ерсұлтан Өтеғұлұлы, бүгінгі таңда әлем жұртшылығын қатты алаңдатып отырған ең басты індет – «коронавирус». Осы дерттің таралуына бей-жай қарап отыра беруге болмайтын шығар. Сіз қандай ой-пікіріңізді алға тартар едіңіз?

– Қазіргі баспасөзде жарияланып жатқан мәліметтер бойынша, дүние жүзінде 64 мың 627 адам осы «коронавирус» ауруына шалдыққан, ал 1 мың 486 адам көз жұмған! Өкінішке орай адам өлімі күн сайын көбеюде. Қандай жағдайда болса да, бір адамның емес, осынша адамның өлімі ол – үлкен қасірет, орны толмайтын қайғы, жүрекке салмақ түсіретін оқиға!

Ең сорақысы, бұл өте жұқпалы дерт тез араның ішінде бүкіл әлемді жаулап алуда. Кейінгі мәліметтерде оның қамтуы Жапония, Сингапур, Тайланд, Оңтүстік Корея, Индия, Германия, Франция, Италия, Ұлыбритания, тіпті Канада және Америка Құрама Штаттарына да жеткені айтылуда. Жұқпалы аурулар сарапшысы Габриэль Люн мырзаның бүгінгі бүкіл әлемге тараған жағымсыз ақпаратына қарағанда, бұл кесел осылай тұзақталмай жалғаса берсе, әлем халықтарының 60 процентін шарпуы мүмкін екен. Ал, егер, «жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, ауруға шалдыққандардың ішіндегі қайтыс болғандардың саны 1 процентті құрағанның өзінде, 45 миллион адам мерт болады екен. Бұл – бұрын-соңды дүниеде болмаған апат.

Бүкіл әлем ғалымдары мен дәрігерлері бұл вирусқа дүние жүзі болып қарсы тұру керек екенін мәлімдеп отыр. Әрине, оған қыруар қаржы және Жер шарын мекендеген халықтардың бәрі бірігіп, жұмылып, әрекет жасауы керек екендігі кімге болса да түсінікті деп ойлаймын.

– Осы орайда, Сіздің ұсынысыңыз қандай?

– Менің пайымдауымша, қаржы табу үшін, барлық мемлекеттер келісіп, бір таңның атуында, бір күнде әлемде болып жатқан барлық соғыстарды тоқтату керек. Сол соғысқа, әскерге кетіп жатқан қаражатты коронавирус жұқпалы ауруына қарсы іс-қимылға жұмсау керек деп санаймын!

Әлемнің барлық елдері бір жылда әскери күштерге, жалпы соғысқа байланысты істерге 1,5 триллион АҚШ доллары көлемінде қаражат жұмсайды екен. Мысалы: бір Сириядағы 2011 жылдың басында мемлекет ішіндегі азаматтардың қарсыластығынан туындаған соғыс, кейін бірнеше мемлекеттердің араласуына әкеп соғып, 19 миллионға жуық халқы бар, мыңдаған жылдар тарихы бар мемлекеттің шаңырағы ортасына түсуіне әкеліп соғып отыр. Ғасырлар бойы отырған жерінен 12 миллионға жуық адам қашып, 4 миллионнан астамы шет елдерге босып кеткен. Бұлардың көпшілігі әйелдер мен жасөспірім балалар. Сол елдің экономикасы, сарапшылардың айтуынша, бір айда 4,5 миллиард АҚШ долларын жоғалтып отыр. 2000-3000 жылдық тарихы бар, аса бағалы, құнды ескерткіштер қиратылып, жермен-жексен болған. Енді бұл елдің біз жасап отырған ғасырда керегесінің керілуі, шаңырағының тіктелуі беймәлім!

Сонымен қатар, дүние жүзінде бір күннің өзінде 40 мың адам, ал жылына 14,5 миллионнан астам адамның аштықтан, тойып тамақ ішпегендіктен, санитарлық нормалардың жоқтығынан қайтыс болатынын ескерсек, кімге болса да ойлану керектігі ақиқат!

Бүкіл әлем халықтары бірлесіп, ортақ шешімге келіп, дүниені шарпып келе жатқан аса қатерлі дертті тоқтатуға әрекет жасауы керек екендігін дәлелдеп жатудың өзі артық деп ойлаймын! Сондықтан аса қатерлі әрі жұқпалы дертке адамзат болып қарсы тұруымыз қажет!

Ой бөліскеніңізге рақмет.


Соңғы жаңалықтар