Ас-су байланған шар мен дельтаплан: Қостанайда жоғалған 5 жасар қызды қалай іздеп жатыр

Фото: None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай қаласында із-түзсіз жоғалған бес жасар Мәдина Ерланқызын іздеу шаралары аясында егістік алқаптың әр жеріне су мен тамақ байланған шарлар қалдыру жөнінде шешім қабылданды. Кешкі уақытта егістік алқаптың үстінен дельтапландар ұшырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жоғалған Мәдинаны іздеу жұмысы әлі жалғасып жатыр.

Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтың қатысуымен жедел штабтың кезекті отырысы өтті.

Сағат 16:00-де баланы іздеу жұмыстары төрт бағытта жүріп жатыр: Жамбыл ауылы – Тобыл өзені, Алтын дала ауылы, Қостанай қаласы, Самир ауылы.

«Штаб отырысында егістікке шарларға байланған азық-түлік пен су қалдыру шешімі қабылданды. Бұл іздеушілер үшін белгі болмақ, - деп түсіндірді департаменттен. - Әр егістікте бұл процесті бақылайтын адамдар бар».

Сондай-ақ, әуеден бақылау жүргізу де жалғасып жатыр.

Кешкі сағат 6-дан кейін егістік алқаптар үстімен дельтапландар ұшады. Сәбиді іздеуге Рудный дельтаплан клубының нұсқаушылары көмекке келді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қостанай облысында 7 тамызда үйінен шығып кеткен 5 жасар қыз іздестіріліп жатқаны хабарланған.

Іздеу жұмыстарына 500-ден астам полицей, тікұшақтар, сондай-ақ Ұлттық ұлан мен шекарадағы әскери қызметкерлер жұмылдырылды.

Мыңдаған адам қызды Жамбыл ауылына іргелес егістік алқаптардан іздеп жатыр.




Фото: Қостанай облысының Полиция департаменті


Соңғы жаңалықтар