Арзу Гурбанова: Басты байлығымыз - берекелі бірлік пен тұтастық

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қалалық әзербайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Арзу Гурбанова Қазақстандағы басты байлық - берекелі бірлік пен тұтастық деп санайды. Оның пікірінше, халықтың бейбіт өмірі мен алаңсыз еңбек етуінен асқан бақыт жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, халық үшін тұрақтылық пен татулықтан артық ештеңе жоқ. 29 сәуірде астанамыз Нұр-Сұлтанда өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында осы басты байлығымыз - бірлік пен тұтастығымызды нығайту жайы кеңінен талқыланады деп сенеміз. Өткен жылы ҚХА сессиясында Елбасы бастамасымен дүниеге келген «Қазақтану» жобасы барша қазақстандықтарды ортақ мүддеге жұмылдыру арқылы қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлікті нығайтуға сүбелі үлес қосып келеді», - дейді Арзу Гурбанова.

Әзербайжан этномәдени бірлестігі төрағасы орынбасарының сөзінше, аталмыш жоба Қазақстандағы этностар арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеуге бағытталған. Ұлттық құндылықтар негізінде халық бірлігін одан әрі нығайту және елдегі тұрақтылықты сақтауды көздейді.

«Алдағы кезеңдерде кітапханаларда қазақ тарихының айтулы күндеріне арналған «Күнтізбені парақтағанда» тақырыбында көрме ұйымдастыру, жас буын өкілдерін ұлттық қолөнерге баулу, «Қуатты елдің қуатты азаматтары» жобасын іске асыру сынды іс-шаралар өткізілмек. Осы жоба аясында ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр туралы кітапша әзірлеу жоспарланып отыр. Биыл үшінші мегаполисте «Қазақтану» жобасы негізінде «Берекелі Шымкент», «Қазақ дастарханы», «Ұлттық домбыраны сыйға тарту», «Тілге құрмет - елге құрмет» жобалары іске асады. Мұның барлығы мемлекет құраушы қазақ ұлтының маңайына этнос өкілдерін шоғырландырып, өзара сыйластық пен ішкі бірлікті бекемдеуге бағытталып отыр»,- дейді Арзу Гурбанова.

Соңғы жаңалықтар