Арзан техника алып береміз деп зейнеткерді алдағандар ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда алаяқтар «тұрмыстық техникаға жеңілдік жүріп жатыр» деген желеумен зейнеткердің 100 мың теңгесін қолды еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігінің тілшісі.

Әуезов аудандық полициясының қызметкерлері 40 жастағы әйел мен 45 жастағы ер адамды ұстады. Қазір олар өз қылмыстарын мойындап отыр.

«Оңаша отырған зейнеткер әйелге ер адам жақын келіп жарнамалық брошюралар көрсетіп, тұрмыстық техникаға керемет жеңілдіктер болып жатқанын айтқан. Зейнеткер брошюрадағы ұсақ әріптермен жазылған жазуды оқып та үлгермеген. Осы сәтте олардың қасына 40 жастағы әйел келіп, тағы да қосымша журналдарды көрсетіп, 200 мың теңге тұратын тоңазытқышты су тегін алып кетуге болады деп сендірген. Біраз уақыттан соң орта жастағы тағы бір әйел келіп, сырттан келген бөтен адам кейпінде акция туралы сұрастыра бастайды. Ерекше «қызығушылық» танытқан әйел барлық шартқа келісе бастайды. Мұны көрген зейнеткер де айтылған ұсыныстарды қолдайды. Барлығы дүкенге бет алған кезде алаяқтар зейнеткерге ақша керек екендігін айтқан. Қарт әйел үйінен 100 мың теңге алып берген. Ақшаны алғандар жеңілдікке құжат реттестіреміз деп тайып тұрған», - деді Әуезов аудандық ІІБ басшысы Есен Ысқақов.

Оның айтуынша, аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабымен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Зейнеткерді көндіріп беруге көмектескен әйел де іздестіріліп жатыр.

«Олардың әрекетінен зардап шеккен азаматтар болса, 8-747-718-84-30; 298-53-02; 298-53-62 немесе 102 телефондарына хабарласуларын сұраймыз», - деді Әуезов аудандық ІІБ басшысы, полиция полковнигі Есен Ысқақов.

Соңғы жаңалықтар