Арзан ипотека бәріне жетеді - министр Қасымбек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 7 пайыздық ипотекаға салынатын қаржы барлығына жетуі тиіс, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шыны керек, арзан ипотека бойынша жұмыс істейтін жаңа компанияның шарттары өте тиімді болады. Жылдық мөлшерлеме - 7 процент, мерзімі - 25 жыл. Сосын алғашқы жарна да Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен салыстырғанда тиімді болып тұр. Ол жақта алғашқы жарна 30-50 процент болса, жаңа бағдарламада 20 процент қана. Әрине, халық тарапынан ондай шарттарға сұраныс жоғары болады. Соның арқасында ипотека мен құрылыс саласы жандана түседі», - деді Ж.Қасымбек Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында. 

Министрдің айтуынша, бір аптаның ішінде Ұлттық банкпен бірге жаңа бағдарламаны іске асыру жоспары дайындалады. Аталған құжатта арзан ипотеканы берудің нақты жолдары көрсетіледі. «Қазіргі кезде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі барлық ипотеканың жартысынан көбін алып отыр. Меніңше, жаңа компанияның келуімен бәсеке қыза түседі. Әлбетте, халық арзан ипотеканы асыға күтіп отыр. Компания құрылғаннан кейін адам кезегі де көбейді. Оны да жақсы түсінеміз. Алайда Мемлекет басшысы ипотека саласына бір триллион теңгеге дейін қаржы тартуды тапсырған болатын. Сондықтан жаңа бағдарламаны қарбалассыз іске асырылуы тиіс», - деп атап көрсетті Ж.Қасымбек.

Айта кетейік, Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз етудің жаңа бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Осыған байланысты ҚР Ұлттық банкі жанынан 7 проценттік ипотеканы беретін жаңа компания құрылады. 

Соңғы жаңалықтар