Арзан азық-түлікті қайдан алуға болады – министрлік жауабы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев қазақстандықтарға азық-түлікті төмен бағамен сатып алудың жолын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азық-түлікті арзан бағамен сатып алуға келсек, бұл – ең алдымен бақылау-кассалық аппараттарымен жабдықталған ірі сауда желілері. Себебі, бағаға қатысты күмән туындаған жағдайда, тек чек арқылы уәкілетті органдар мен сауда департаментіне жүгіне алады. Осылайша, бағаны өсіру фактісін растауға немесе жоққа шығаруға болады. Өркениетті сауда форматы бойынша тауарларды сатып алу орындары өте маңызды. Бұл әлеуметтік маңызы бар тауарларға да қатысты», - деді Арман Шаққалиев тілші сауалына орай орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, А. Шаққалиев елімізде кейбір азық-түлік бағасы төмендегенін айтты.

«Соңғы аптадағы деректерді талдау нәтижесі кейбір азық-түлік бағасының түскенін көрсетіп отыр. Қарақұмық, қант, картоп, күнбағыс майының бағасы төмендеді. Жалпы, еліміз бойынша 0,7-ден 2,2%-ға дейін арзандау байқалады. Егер біз тауар номенклатурасы бойынша басқа топтағы тауарлар туралы айтар болсақ, әрине барлық жерде бағаның төмендеуі жоқ. Бірақ, өсу бар», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар