Арыстықтарға 180 ерікті психолог көмек көрсетуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Арыстағы апаттан зардап шеккен тұрғындарға, әсіресе балаларға алғашқы күннен бастап 180 ерікті практик-психолог пен педагог-психолог көмек көрсетуде. Себебі мұндай ауыр соққы алған сәбидің күні ертең қоршаған ортаға деген қарым-қатынасы өзгеруі мүмкін. Бұл туралы ҚазАқпарат әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

24 мыңнан аса адам эвакуацияланған орталықтарда сәбилердің жан-дүниесіндегі соққыны емдеген гештальт-терапевт психологтар қазір Арыс қаласында да емдік шараларын жүргізуде.

Қазіргі таңда тұрғындардың бастан кешкен эмоцияларын зерттеу, болған оқиғаны түсіндіру - психологтардың негізгі терапиясы болып отыр.

Сондай-ақ, еріктілер халық арасында бактериологиялық қару-жарақ, радиация және апаттан көптеген адам қайтыс болды деген ақпараттың жалған екенін түсіндіріп жүр.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты - Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді. Тұңғыш Президенттің төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, онда Арыс қаласындағы ахуал талқыланды.

Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтты. Келтірілген залалдың көлемі бағаланып, Үкімет резервінен ақша бөлінеді.

Эвакуациялау кезінде мыңнан астам ата-ана баларынан көз жазып қалды. Сәбилердің барлығы туыс-туғандарына дін-аман тапсырылды.

Факті бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қаладағы төтенше жағдай жолаушылар пойыздарының кестесіне де әсер етті, оның ішінде халықаралық пойыздар бар.

25 маусым, сағат 12.00-дегі жағдай бойынша әскери бөлім аумағында жарылыстар тоқтады. Дегенмен, оқ-дәрілер сақталатын қоймалардың аумағында бықсыған оттың ошақтары байқалғандықтан, ҚР Ішкі істер министрлігі жарылыстардың қайталану қаупі сақталып отырғанын ескертті.

Осы уақытта ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-инженерлік қызметшілері Арыс қаласын минадан тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Снарядтардың дені тұрғын үй алқаптарына түскен.

Арыс тұрғындарына көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз» акциясы бастау алды.

27 маусым, кешкі уақыттағы жағдай бойынша, Арыста өрт ошақтары толығымен сөндірілді. Бұл туралы журналистерге арналған брифингте мәлім етілді. Оған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер, еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин, прокуратура және ветеринария саласының өкілдері қатысты

«Қаладағы негізгі көшелер мен алаңдардың бәрі тексеріліп, тазаланды. Сапер мамандарымыз 500-дей снаряд қалдығы мен жарылғыш заттарды тауып, залалсыздандырды. Қорғаныс министрлігі тарапынан тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау бағытында тиісті шаралар атқарылуда. Енді біз қаладағы барлық үйдің ауласын толық тексереміз. Дәл қазір қалаға ешкімді кіргізе алмаймыз. Бұған тұрғындардың түсіністікпен қарауын өтінеміз. Арыстықтардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс», - деді Бақыт Құрманбаев.

Бас санитарлық дәрігер қалада радиацияның мөлшері қалыпты нормада екенін айтты. Қоғамдық орындар, қоқыс контейнерлері, нысандар толық тазаланып, дезинфекция жүргізіледі. Жарылған қоймада радиоактивті оқ-дәрілер болмағанын Қорғаныс министрлігі де мәлім етті. Қоймаларда болжаммен 30-50 жарылыс болды. Қорғаныс вице-министрі Тимур Дандыбаев стратегиялық арсенал неліктен Арыстағы тұрғын үй кешеніне жақын орналасқанын түсіндірді.

Соңғы жаңалықтар