Арыстықтар Тұңғыш Президент күні мерекесін атап өтті

None
None
АРЫС. ҚазАқпарат –Түркістан облысының Арыс қаласында 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған мерекелік жиын өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаев пен мекеме, бөлім басшылары, дін және зиялы қауым өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шараға этномәдени орталықтардың өкілдері мен үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың жетекшілері де шақырылды. Рысдәулет Айтбаев қала халқын айтулы мерекемен құттықтап, айтулы күннің маңыздылығына тоқталды.

«Тәуелсіздіктің арайлы таңы атқан ширек ғасырдан астам уақыт ішінде елімізді күллі әлем танып, мойындаған еңселі мемлекетке айналды. Елбасы халықты орасан зор істерге жұмылдырды, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту ісінде әлем үлгі аларлық саясат ұстанды. Еліміздің сыртқы саяси бағытын дәл нұсқап, тұңғыш рет қазақ мемлекетінің шекарасын айқындады, төрткүл дүниеге тең терезелі ел ретінде мойындатты. Міне, сондықтан да әлемнің саясаткерлері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы және бүкіл халықаралық қоғамдастықтың ризашылығы мен құрметіне ие болған жаһандық, өңірлік бейбіт бастамалардың авторы ретінде таниды», – деді Рысдәулет Айтбаев.

Ол сонымен қатар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматты алғыс хаттармен марапаттады. «Елбасы – елдің тірегі» тақырыбында өткен салтанатты шарада мың бұралған бишілер мен күміс көмей әншілер Арыс аспанын әнге бөледі.

Соңғы жаңалықтар