Арыстық жігіт салмағы 43 келі болатын қошқарды 1111 рет көтерді

Фото: None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Арыс қаласының тұрғыны Азамат Мақұлбеков салмағы 43 келі болатын қошқарды 1111 рет көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Арыс қаласында қала күні мерекесі өтті. Аталған шара барысында ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз дәріптеліп, салауатты өмір салты насихатталған шараға жергілікті тұрғындармен бірге Шымкент қаласы, Қазығұрт және Ордабасы ауданының жастары қатысты.

Спорттық сайыстардың ішінде көпшіліктің назарын аударғаны «Қошқар көтеру» сайысы болды. Қатысушылар арасында өзінің мықтылығын дәлелдеп, салмағы 43 келі болатын қошқарды 1111 рет көтерген Азамат Мақұлбеков бас жүлдені иеленді. Ал, қошқарды 160 рет көтерген Мәжит Архат екінші орынды, 150 рет көтерген Данияр Айтбек үшінші орынды иеленді.

Жарыс жеңімпазы Азамат Мақұбековке өзі көтерген қошқар берілсе, қалған жүлдегерлер мен қатысушыларға ұйымдастырушылар бағалы сыйлықтар табыстады.

Бір қызығы, ерлерден соң қошқар көтеру кезегін алған арыстық Әділ Ақнұр есімді ару бірқатар жігітті шаң қаптырып, 64 рет көтерді. Келушілерді таңқалдырған жігерлі аруға да арнайы сыйлық табыс етілді.

Сол сияқты барлық спорт түрінен жүлделі орын алған қатысушылар арнайы алғыс хатпен марапатталып, олардың бәріне тұрмыстық техникалар сыйға тартылды.



Соңғы жаңалықтар