Арыстық қос аяғынан айрылған азамат кәсіп бастады

Фото: Фото: В. Науменконың жеке мұрағаты
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Арыстық қос аяғынан айрылған азамат кәсіп бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арыс қаласының тұрғыны, ІІ топ мүгедегі Вячеслав Науменко фотостудия ашып, халыққа қызмет көрсетуді бастады. Тілсіз жаудың кесірінен екі аяғынан айырылған азамат бұдан алдын тұрмыстық техника жөндеумен айналысқан болатын.

«Көршімнің кеңесімен Арыстағы Жұмыспен қамту орталығына бардым. Ол жақтағы мамандар мемлекеттік грант бойынша конкурсқа қатысуға мүмкіндігім барын айтып, шарттарын толық түсіндіріп берді. Өзімнің техникаға ебім бар. Сондықтан фотостудия ашуды таңдадым. Комиссия алдында жобамды сәтті қорғап шықтым», - дейді ол.


Вячеслав Науменко нәтижелі еңбек жобасы арқылы мемлекеттен 1 380 000 теңге қайтарымсыз грант ұтып алды. Үкімет қолдауымен берілген қайтарымсыз қаражатқа фотоаппарат, компьютер, принтер мен арнайы қағаз сатып алған.

Бүгінгі күні еңбекке құштар азамат мектеп түлектерінің винеткаларын, мерекелік шақыру билеті мен түрлі форматтағы дизайн түрін және тойтабақ әзірлеуді де қолға алып отыр. Сонымен қатар фотоға түсіріп, суретті әсемдеп, арнайы әріппен жазу мен қуанышты отырысты безендіру секілді қызметтерді де жолға қойған.


«Кәсіп бастап, табыс табуға мол мүмкіндік ұсынған мемлекетке алғысым шексіз. Алдағы уақытта кәсібімді дамытып, ұлғайтуды жоспарлап отырмын» - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар