Арысты қалпына келтіру Президенттің жеке бақылауында - Бердібек Сапарбаев

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Шымкент қаласының әлеуметтік нысандарына уақытша орналастырылған Арыс қаласының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрлік басшысы тұрғындарды қауесетке сенбеуге және арандатушылыққа бой алдырмауға шақырды.

«Арысты қалпына келтіру Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында. Қаланы, әлеуметтік нысандарды, тұрғын үй мен инженерлік инфрақұрылымды жөндеу және қалпына келтіру үшін барлық қажетті қаражат бөлу туралы Үкіметке тиісті тапсырма берілді. Сіздерден арандатушылыққа бой алдырмауларыңызды және қаусетке сенбеулеріңізді сұраймын. Үкімет пен жергілікті органдар тарапынан қажетті мәселелердің барлығы шешілуде», - деді министр.

Министр қиын сәтте бүкіл Қазақстан Арыс тұрғындарына қолдау көрсететіп жатқанын атап өтті.

«Еліміздің түкпір-түкпіріндегі азаматтардан көмек келіп түсуде. Барлық қаражат пен гуманитарлық көмек сіздерге ашық және әділ түрде бөлініп берілетін болады. Бұл үшін құрамына сіздердің өкілдеріңіз кіретін қоғамдық комиссия құрылады. Бұл мәселе ерекше бақылауда», - деді Еңбек министрі арыстықтарға қаратып айтқан сөзінде.

Сонымен қатар, әскери бөлімнің Арыс қаласынан көшірілетіндігін де айтты.

«Президенттің тапсырмасымен әскери бөлімді Арыс қаласынан қауіпсіз жерге көшіру мәселесін шешетін комиссия жұмыс істеп жатыр. Басты міндет - болашақта апаттың қайталануына жол бермеу. Экологиялық жағдай да назардан тыс қалмайды. Жақын арада жағдай қалпына келеді, сол себепті сіздерді сабырлық пен шыдамдылыққа шақырамын», - деді Б.Сапарбаев.

Сапар барысында Еңбек министрі Арыс қаласындағы жарылыс кезінде зардап шеккендер ем алып жатқан №35 медициналық жедел-жәрдем ауруханасы мен №1 балалар ауруханасына барды. Министр дәрігерлермен және жарақаттанғандармен әңгімелесіп, зардап шеккендердің тез арада сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Сондай-ақ, Б. Сапарбаев Арыс қаласының тұрғындарының қазіргі уақыттағы жай-күйімен танысу үшін оларды уақытша орналастырған "Дарын" мектеп-интернатында, балалар үйінде және №89 орта мектепте болды.

Соңғы жаңалықтар