Арыстанбек Мұхамедиұлы: Димаштың Нью-Йорктегі концерті үшін 15 мың орындық зал алдық

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚазАқпарат тілшісіне әнші Димаш Құдайбергеннің Нью-Йоркте өтетін шоу-концертіне қатысты мәліметтерімен бөлісті.

«Нью-Йорк қаласындағы танымал «Madison Square Garden» спорт кешенінде екі зал бар. Оның бірі 5,5 мың орындық болса, екіншісі 15 мың орындық. Біз 23 қазанға 5,5 мың орындық залын алып қойған едік. Бірақ, қазір жан-жақты талдай отырып, 15 мың орындық алып, не болса да тәуекелге барып отырмыз. Ол залды алар болсақ, мерзімді нақтылау керек болады. Концерттің қазан айында болатыны анық! Қай залды алатынымыз айқындалған уақытта билет сатылымы басталады. Ол жерде енді билет бағасы жоғары болады», - деді министр ҚазАқпарат тілшісіне елордада «Балуан Шолақ» фильмінің тұсаукесерінде.

Еске сала кетсек, бұған дейін осы жылдың күзінде Нью-Йорктегі әйгілі «Madison Square Garden» алаңында әнші Димаш Құдайбергеннің шоу-концерті өтетінін хабарлаған болатынбыз.

«Мәдениет және спорт министрлігі 2019 жылдың III тоқсанында Нью-Йоркте әлемге әйгілі «Madison Square Garden» алаңында Димаш Құдайбергеннің айрықша шоу-концертін өткізбек. Бүгінгі таңда аталған шоуды ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті», - деген еді ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында министр.

Соңғы жаңалықтар