Арыстанбек Мұхамедиұлы бастаған танымал тұлғалар салт атпен Жетісуды аралады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Алакөл ауданында елімізде тұңғыш рет ұзақ қашықтыққа салт аттылар серуені ұйымдастырылды. Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Қазмұнайгаз» АҚ басқарма кеңесінің төрағасы Сауат Мыңбаев, өңір басшылары мен елге танымал спортшылар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алакөл ауданындағы Лепсі ауылынан басталған салт аттылар керуенін елге танымал меценат, «Жерсу» корпорациясының басқарма кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов ұйымдастырды. Шараға қатысушылар Жоңғар Алатауының баурайымен 50 шақырымға жуық қашықтықты жүріп өтіп, Жамантас жайлауына көтерілді. Кәсіпқой боксшы Қанат Ислам, ММА аралас жекпе-жегінің спортшысы Арман Оспанов, 2004 жылғы Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев, олимпиаданың күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев сынды ел мақтанышы болған спортшылар бірде шауып, бірде желіп отырып, бірнеше асулардан өтті. Жол-жөнекей Жетісудың керемет табиғатына тамсанып отырды.



Спортшылар арасында өмірінде алғаш рет атқа мінген азаматтар да болды. Соның бірі - Вел Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев. Ол өзінің осы уақытқа дейін тұлпардың тізгінін ұстауға мүмкіндігі болмағанын айтып, бірінші рет атқа отырса да бірден үйреніп, шауып кеткенін қуана жеткізді. «Демек атқа міну қабілеті қанымызда бар» деп мойындады ол.

Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласы аясында ұйымдастырылған салт аттылар серуенінің басты мақсаты - бұқараны жеті қазынамыздың бірі атқа мінуге үндеп, салауатты өмір салтын қалыптастыру және отандық туризмді дамыту. Табиғатымызды аялап, туған жеріміздің көрікті жерлерін танымал тұлғалар арқылы насихаттау.



Жамантас жайлауы теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте орналасқан. «Қазір бұл жерде 10 мыңға жуық жылқы жайылып жүр» дейді кәсіпкер Бауыржан Оспанов.


Соңғы жаңалықтар