Арыстанбек Мұхамедиұлы Асқар Бөрібаевтың қызметінен кетуіне қатысты пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Абай атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық Опера және балет театрының директоры Асқар Бөрібаевтың отставкасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз министрлік ретінде аталмыш жайға назар аударамыз. Қазір театрда кадрлық өзгерістер болып жатыр. Жаңа директор ұсынылды. Ол жердегі мән-жайдың екі жағы бар. Егер бұл театрдың көркемдік бөліміне қатысты болса, біз оған мән беруіміз керек. Жалақыны көтеру туралы талап арнайы талқылауды қажет етеді», - деді министр Парламент Сенатында тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда кітапхана қызметкерлерінің хор әншілеріне қарағанда жалақысы төмен.

«Шынымды айтайын, архив қызметкерлері, кітапханашылар, мұғалімдер хор әртістеріне қарағанда бірнеше есе аз жалақы алады. Сондықтан, біз мәселеге тура қарауымыз  керек. Егер дарынын барынша шыңдап, көп тер төгіп, алға қарай ұмтылса, онда солист бола отырып, көбірек айлық алуға болады. Жалақыны көтеру арқылы мәселені жаба салған дұрыс емес », - деп атап өтті ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, әр адамға өз өнерін паш ете алатындай мүмкіндік берілуі керек.

«Димаштың, мысалы, күн сайынғы жұмыс тәртібі бекітілген. Ол тіпті үйінде де болмайды. Себебі ол табысқа жеткісі келеді, ол жұмыспен айналысады. Ал үйде жатып, наразылық білдіру дұрыс емес. Көркемдік бөлімге қазір жаңа басшылық келді. Кеңесші ретінде Қазақстан Республикасының Халық әртісі Базарғали Жаманбайды тартып отырмыз. Біз жалақыны көбейтуге мүдделіміз, бірақ театр қызметкерлерінен бұрын, ең алдымен, архив және кітапхана қызметкерлерінің жалақысы көтерілуі тиіс», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Абай атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық Опера және балет театрының директоры  және көркемдік жетекшісі Асқар Бөрібаев өз еркімен қызметінен кеткен. Театрдың жетекшісі міндетін Асия Қалиева атқара тұрады. Асқар Бөрібаев болса Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияның басшылығына ауысқан.

Соңғы жаңалықтар