Арыстанбаб кесенесіне, Отырар төбе тарихи кешеніне және Ясауи кесенесіне баратын жол жөндеуден өтпей жатыр - Қ. Айтаханов

None
None
АСТАНА. Қазанның 30-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арыстанбаб кесенесіне, көне Отырар төбе тарихи кешеніне және Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне баратын жол жөндеуден өтпей отыр. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында сенатор Қуаныш Айтаханов Үкімет басшысының, Көлік және коммуникация министрінің атына осындай сауал жолдады,

  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылының орталығынан өтетін, ұзындығы 119 шақырымды құрайтын Төрткүл - Шәуілдір - Түркістан автожолы республикалық маңызы бар жол болып саналады. Бұл жолмен Арыстанбаб кесенесіне, көне Отырар төбе тарихи кешеніне және Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жүз мыңдаған туристер, зиярат етушілер қатынайды. Осы жолға көп жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, көлік қатынастары қиындап, апатты жағдайлар көбеюде», деді Қ. Айтаханов.

  Сенатордың айтуынша, «Жол картасы» бойынша Отырар ауданының орталығы арқылы өтетін аталған жолдың 5,3 шақырымын күрделі жөндеуден өткізуге жергілікті атқарушы органдардың құқы жоқ екен. Себебі аталған жол жергілікті емес, республикалық санатқа жатады. Сондықтан да оны күрделі жөндеуге қаржы тек республикалық бюджеттен бөлінуі тиіс.
  «Осы айтылғанды ескере келе, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар ауданының орталығы Шәуілдір ауылынан өтетін республикалық маңызы бар автокөлік жолын күрделі жөндеуге 2010 жылы 300 млн. теңге, 2011 жылы 659 млн. теңге қаржы бөлдіруіңізді өтінемін. Аталған жолды күрделі жөндеудің жобалау-сметалық құжаттамасы дайын, мемлекеттік сараптамадан өткен», деді Қ. Айтаханов.

Соңғы жаңалықтар